|
1961 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Павлодар қаласында телеорталық құрылысын салу туралы шешім қабылдады. Осы жылдың көктемінде мұнараны монтаждау басталды.
1965 жылы 7 қарашада Павлодар телестудиясы тұңғыш рет эфирге шықты.
1966 жылға дейін студия аптасына екі мәрте хабар берсе, 1966 жылдың 1 қаңтарынан хабар көлемі ұлғая түсті.
1970 жылы Павлодар телестудиясында бірінші жылжымалы телестанция пайда болды. Тәулігіне 5 сағат хабар таратылды. Фильмотека мен жеке мұрағат жасалды.
1971 жылы Павлодар радиотелеорталығы Қазақстан КСР-де бірінші болып бейнежазу аппаратурасын пайдаланды. 1975 жылдың қаңтарынан Қашыр ауданының «Октябрь» және «Лебяж» кеңшарларында ретрансляторлар іске қосылды. Ал маусым айында республикалық телевизия хабарлары техникалық сынақтан өткізілді. 1970 жылдары Мәскеу, кейін Алматы хабарлары экранға шықты.
1980 жылы көлемі бұрынғыдан үш есе үлкен жаңа павильон салынды. Елге белгілі шығармашылық ұжымдарды жазуға мүмкіндік туды. Тіпті сол жылдары студияның өзінде балалар хоры болды.
1983 жылы телевизия толығымен түрлі-түсті форматқа көшті. 1987 жылы телеорталық «Перспектива» түрлі-түсті жабдығының жаңа түріне ие болды.
1990 жылы студия 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Ол кезде ұжымда 300 адам еңбек етті. 1990 жылдардың бас кезінде студияны техникалық қайта жарақтау жүзеге асырылды. Сапалы бейнетүсірілім жасау, эфирге материалды жедел беру үшін портативті аппаратура пайда болды. 1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдың басында телевизия компьютерлендірілді, оның техникалық мүмкіндігі кеңейтілді, шығарылған өнім сапасы артты.
2002 жылы Павлодар телестудиясында сантаңбалық телевизия дәуірі басталды. Ескірген жабдықтар түгелдей әлемдік деңгейдегі телевизиялық техника түрлерімен ауыстырылды.
2008 жылғы қыркүйектен бастап жалпы алаңы 300 шаршы метрлік телевизияның үлкен студиясындағы арнайы жарықтандыру құралдары тұтастай өзгертілді.
2009 жылы жылжымалы телевизия станциясы ( ПТС) алынды.
|