- Семей қалалық филиалы
|
 1965 жылдың 1 қыркүйегінде Семей телестудиясының алғашқы ресми хабары эфирге шықты. Бұл республикадағы Алматы, Қарағанды, Өскемен телевизиялық студияларынан кейінгі төртіншісі еді. Ол қаланың шетіндегі өзен жағалауындағы дөңде, жоғарғы Ертіс өзені кеме басқармасы электр станциясының ескі ғимаратында жабдықталды. Қасынан жаңадан телерадио тарату орталығы салынып, биіктігі 186 метрлік телемұнара бой көтерді.
Дәл осы күні эфирде «Семей телеорталығы іске қосылды» деп облыстық еңбекшілер депутаттары атқару кеңесінің төрағасы Дайыровтың сөзі беріліп, «Ермек Серкебев ән шырқайды» фильм –концерті, Кеңес одағының Ұлы Отан соғысындағы жеңісінің 20 жылдығына арналған «Жеңіс көгілдір оты» бағдарламасы көрерменге жол тартты. Келесі күні эфирге алғашқы жаңалықтар, «Абрамцево мұражайы» телеочеркі мен «Мәскеу жұлдыздары» концерті шықты. Міне, Семейдегі тұрақты телевизиялық көрсетілім осылай басталған-тын.
Семейдегі телерадио комитеттің алғашқы басшылары, соғыс ардагері-танкист, сол кездегі облыстық партия комитетінің екінші хатшылық қызметінен келген Келшікбай Бесапанұлы Байғожин және соғыс ардагері «Киров» крейсерінің морягі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Сержан Рамазанұлы Рамазановтар еді. Ал студия редакторлары белгілі әдебиетшілер - Надежда Чернова, Роллан Сейсенбаев, Александр Шмидт, ҚазҰУ-дің журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Шәрбан Нұрғожиналар болды. Олардың күшімен Кеңес республикасының, аудандардың телекүндері мен жергілікті театрлардың спектакльдері және концерттері, орталық телевизияға арнайы телеочерктер дайындалды. Алғашқы жылдан-ақ студияның техникалық жабдықтау жүйесінің міндеті - телевизиялық бағдарламалардың облыс көлеміне үздіксіз таралуын қадағалау болды. Семей телекомпаниясының алғашқы басшысы Келшікбай Бесапанұлы Байғожин, одан кейін Сержан Рамазанұлы Рамазанов, Бәтташ Сыдықұлы Сыдықов, Қабидолла Шотанұлы Шотанов, Мұрат Сейсенұлы Алин, Ерлан Рыспекұлы, Қайрат Жанатұлы Мұсақұловтар болды.
1971 жылы Орда тауының үстінен салынған ретранслятор арқылы Абай ауданының орталығы - Қарауыл селосы Семей облыстық телевизиясының хабарын көрген алғашқы аудан еді. Бұған дейін «Экран» жер серік желісі арқылы Мәскеуді көріп келген қарауылдықтар Семей телестудиясының белгісі мен музыкасы ойнап, көгілдір экранға диктор Зульфия Омарова шығып құттықтағанда, халықтың қуанышында шек болмады. Семей телестудиясының алғашқы көрсетіліміне қатысқан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Батташ Сыдықов кейіннен Семей облыстық телерадио комитетін ұзақ жыл басқарған үшінші басшы болды. Жидебайдағы Абай мұражайының ғылыми қызметкері, Шәкәрімнің ұлы Ахат Құдайбердиев телестудияның бас инженері болған. Телевизияның аудандарға шығуы арқылы өмірге «Ауданның телекүнделігі» сияқты тұрақты хабар келді. Ол уақытта фотосуреттер мен кинопленкалардың жетіспеушілігі ауыл өмірінен толыққанды хабар беруге мүмкіндік бермеді. Ондай хабарлар дайындауға қазақ-орыс редакциялары жаз айларында шығып, бейнесюжеттер мен фотокөріністер дайындай-тын. Облыс орталығындағы студияда ауданның шаруашылық басшылары, малшы-механизаторлар, көркемөнерпаздар ұжымы шақырылып, тікелей эфирде 2-3 сағат ешқандай дайындықсыз хабарлар түсірілетін. Кейіннен студия павильонында спектакльдер, белгілі әртістердің үлкен концерттері еш қиындықсыз түсірле бастады.
1973 жылы мамыр айында тікелей эфир Семей мен Өскемен қалалары арасында өтті. Оған облыс басшылары қатысып, екі қала кезек-кезек бірлескен республикалық алғашқы телеэфир шықты. Оны ұйымдастырған редакторлар Базанов пен Штыров еді. Мұндай телевизиялық форма 80-жылдары қайта үрдіс алды, телекөпір арқылы эфирде Семей жеңіл өнеркәсіп орындары өздерінің алматылық және қостанайлық әріптестерімен эфир арқылы сұхбаттасты.
90-шы жылдардан бастап дәстүрлі түрде Өскемен мен Семей қалалары қайырымдылық телемарафонын өткізіп келеді. Республикада «қой санын 50 милионға» деген ұран тасталған уақыт болды. Осыған орай, орталық телевизияға 15 минуттық телеочерк дайындалып, облыстық партия комитетінің хатшысы Николай Морозов қатысты
( авторлары В. Базанов пен И. Бурлак).
Телевизия тарихында Семей облысы мен Семей қаласының өмірі және тарихы, «Қой шаруашылығы - жастар ісі», «Қала құрылысындағы жастарға қамқорлық» деген материалдар мен Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың Семей облысына сапары, Семей қаласының 250 жылдығына арналған телеочерктер сақталған. Осылардың ішіндегі аса құнды кинотүсірлім Ертіс өзеніндегі Шүлбі ГЭС-нің құрылысы болатын. Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс саналған Шүлбі ГЭС-нің құрылысын насихаттау студия тарихында ерекше орын алады. БАҚ-та Шүлбі екпінді құрылысы аймақтың энергетикалық мәселесін шешеді деп жар салынғанымен, ядролық сынақтар құпияланып, қоғамнан жасырылды. Олжас Сүлейменовтың ұйымдастырған «Невада – Семей» қозғалысының алғашқы күндерінен бастап-ақ семейлік телевизия қызметкерлері оған қолдау көрсетіп, тіпті жергілікті билік өкілдерімен текетіреске барған кездері де болды. Ұжымға шығармашылық және техникалық жағынан сын болған дүниелердің бірі - ядролық полигон жұмыстарының салдарын зерттеуге байланысты өткен алғаш халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны насихаттау болды. Осындағы келелі ойлар мен тартысты сұхбаттар толығымен ПТВС аппаратына жазылып, түрлі мекемелердің сұрауы бойынша бірнеше рет көшіріліп, Алматыдағы республикалық телерадио қорына жіберілді.
Семей телевизиясының мұрағатында ерекше сақталған айтулы оқиғалардың бірі - ЮНЕСКО көлемінде өткен ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы. Алайда, жай таспаға жазылған құнды мұраны сантаңбалық таспаға бастыру маңызды мәселе болып отыр. 1995 жылы Семей облыстық студиясына «Ветакам» түсіру аппараттары мен монтаждау қондырғылары әкелінді. Осы техниканы жедел игерудің арқасында Семей телевизиясы республикалық телевизияның ақпарат кеңестігіндегі сенімді серіктесі бола білді. Мәселен, сол кезде Ертіс өзенінің үстінен салынып жатқан аспалы көпір құрылысын жүргізуші Жапонияның «Ишикавадзима харима» және Түріктің «Аларко алсим» құрылыс компанияларының атқарылған жұмыстары, жаңалықтар арқылы «Хабар», «Қазақстан» арналарынан ұдайы көрсетіліп отырды. Аталған құрылыс 1997 жылы «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасына «ғасыр құрылысы» ретінде кірді. 2004 жылы телеарна «Қазақстан» РТРК АҚ-ның Семей қалалық филиалы атауымен өзгертілді. 2009 жылы қайта тіркеуден өтіп, «Қазақстан» РТРК АҚ-ның Семей қаласындағы филиалы болып аталды.
|
- Біздің ұжым
|
Жақсыбаев Аманғали Жұмағалиұлы, Семей қалалық филиалының директоры
1955 жылы туған. 1984 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген.
1985 –1994 жылдар Үржар аудандық «Уақыт тынысы» газетінің бас редакторы, 1994-1997 жылдары облыстық «Семей таңы» газетінің бас редакторы, 1997-2000 жылдары Алматы қаласындағы «НТК» телеарнасының бас редакторы, 2000-2003 жылдары Павлодар қаласындағы «Иртыш TV» телекомпаниясының бас директоры. 2003-2006 жылдары «Қазақстан» РТРК АҚ Семей қалалық филиалының директорының орынбасары, бас редактор. 2006 жылдың тамыз айынан «Қазақстан» РТРК АҚ Семей қалалық филиалының директоры. «Қазақстан» РТРК АҚ-ның мақтау қағаздарына ие. «Жаршы» күміс төсбелгісі және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақстанның мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған.
Сайра Қажыоспанқызы, директордың орынбасары, бас редактор
1990 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. «Қазақстан-Семей» телеарнасындағы қазақ редакциясының аға редакторы, 1995-2000 жылдары «Хабар» агенттігінің тілшісі. Халықаралық ЮСАИД бағдарламасының «Жекешелендіру міндеттері мен мақсаты», «Соғыс және бейбітшілік», ОБСЕ бағыты бойынша «Гендерлік саясат», EUROPEAN UNION «Ақпаратқа қол жеткізу», «Friedrich ebert stiftunq» қолдауымен «Журналистика және сөз бостандығы» т.б. семинарлаға қатысты. Еуразия әйелдерінің үшінші САММИТ-нің делегаты. ҚР Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
«Дарабоз», «Ұранымыз Алаш...», «Айттым сәлем» телефильмдерінің, «Қала және қалалықтар», «Абай әлемі», «Көкейкесті», «Бала, балақан» т.б. бағдарламаларының авторы. Мақалалары республикалық басылымдарда жарияланып тұрады. «Қазақстан» РТРК АҚ-ның мақтау қағаздарымен марапатталған, республикалық журналистік байқаулардың лауреаты және дипломанты, «Алғыс» төсбелгісінің иегері.
Надежда Алексейқызы Семёнова, аға редактор
1976 жылы Екатеринбург қаласындағы А.М.Горький атындағы Орал мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 1977 жылдың шілде айынан Семей телестудиясында қызметте. «Время вашего вопроса», «Город и горожане» бағдарламаларының авторы және жүргізушісі, орыс тіліндегі хабарлар редакциясының аға редакторы. ҚР Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай медалімен, тағы басқа да мақтау қағаздарымен марапатталған.
Қаймолдина Әлия Жұмағалиқызы, режиссер
Семей педагогикалық институтының филология факультетін бітіргеннен кейін, Аягөз аудандық «Алға» газетінде еңбек жолын бастап, 1978 жылдан бері теледидар саласында.
Мәскеуде өткен біржылдық біліктілікті арттыру курсынан кейін, режиссер қызметін атқарған. 2002 жылдан жауапты шығарушы.Қазіргі кезде режисстер болып қызмет атқарады.
Мусина Раушан Жанұзаққызы, «Семей жаңалықтар қызметінің» редакторы
Семей мемлекеттік университетінің орыс филологиясы факультетін бітірген. 1996 жылдан телевизия саласында. Кәсіби қызметін телевизиялық жаңалықтар бағытымен байланыстырып келеді. Кәсіби мамандануда «SIDA» (Швеция), ОБСЕ бағыты (Бішкек) халықаралық ұйымдар бағыты, «Интерньюс-Казахстан» (Алматы) халықаралық журналистикалық семинарларға қатысқан.
Занарин Федор Владимирұлы, редактор
1971 жылы Семей педагогикалық институтын тәмамдаған. 1972 жылдан бері Семей телекомпаниясында. «Қазақстан» РТРК АҚ Семей қалалық филиалында орыс тілді хабарлар редакциясының редакторы. «Соты духовные», «Притяжение» атты танымал бағдарламалардың авторы, «Первозданное», «Старая стена», «Сокровенное», «Наследие», «Первопроходцы. Имена» шағын очерк циклдерінің және экрандалған «Вересковый куст» әуендер серияларының шығарушысы. ШҚО әкімі жүлдесінің иегері, корпорация журналистері арасындағы байқаулардың лауреаты және дипломанты.
Кульмухамедова Альмира, аға режиссер
Семей мемлекеттік педагогикалық институтының орыс филологиясы факультетін бітірген. Еңбек жолын Семей облыстық телекомпаниясында дикторлық қызметтен бастаған. Теледидар саласында 1995 жылдан еңбек етуде. 1996 жылдан «Жаңалықтар» қызметінің жүргізуші-редакторы. Қазіргі таңда аға режиссер қызметінде. Облыстық және қалалық байқаулардың дипломаты.
Евгений Проскурин, режиссер
Семей мемлекеттік педагогикалық институтының орыс филологиясы факультетін бітірген. Еңбек жолын №6 мектеп-гимназиясында мұғалімдіктен бастаған. 2004 жылдан телевизия саласында. 2005 жылдан «Қазақстан-Семей» телеарнасында режиссер, хабар жүргізушісі. «Депутаттардың жастармен іскер қарым-қатынасы», «Сайлау қарсаңындағы саяси пікір сайыстар», «Әлеуметтік жауапкершілік және сайлау», «Стратегиялық жоспарлаулар» атты семинарларға қатысқан. «Телевизияның жастар студиясы» жобасының жетекшісі, «НАДО» жастар жобасының авторы және режиссері.
Кемербаев Роллан Амантайұлы, редактор
2002 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті философия және саясаттану факультетін бітірген. 2002-2003 жылдары М. Әуезов атындағы Семей университетінде саясаттану, философия пәнінің оқытушысы. 2004 жылдан «Қазақстан-Семей» арнасында ақпараттық-сараптамалық «Ойтүйін», танымдық-мәдени «Орта толсын» бағдарламаларының жүргізуші-редакторы. Семей қаласы әкімінің Алғыс хаты (2006 ж.), «Жылдың жас журналисі» (2008 ж.), «БАҚ және мемлекеттік тіл» байқауында «Ойтүйін» бағдарламасы «Ең үздік теле бағдарлама» аталымының жеңімпазы (2009 ж.), Республикалық «Шаңырақ» этножурналистика байқауында бейбітшілік пен қоғамдық келісімді насихаттағаны үшін, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрмет грамотасы (2009 ж.), «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» ұйымдастырған «Жастардың кадрлық резерві-2010» республикалық конкурсының жеңімпазы (2010 ж.). ҚР Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Сәруар Нұрланұлы Қабдолла, редактор
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің гуманитарлық факультетінің журналистика бөлімін бітірген. 2002 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмәмдаған. 2004 жылдан бері теледидар саласында. «Қазақстан-Семей» арнасының қазақ хабарлары редакциясының редакторы. «Қайырлы таң, Семей» ойын-сауық, ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі. «Сюжет жасау», «Тележүргізушіліктің қыр-сыры», «Арнайы репортаж» тақырыптары бойынша «Интерньюс Нетворк Казахстан» ұйымы ұйымдастырған бірнеше журналистік семинарларға қатысқан. 2008 жылы «Қазақстан» РТРК АҚ жанындағы білімін жетілдіру курсынан өткен.
Бейсембинова Айгүл Дүйсенбайқызы, редактор
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің орыс филологиясы факультетін бітірген. Еңбек жолын 1997–1998 жылдары Семей облыстық телерадиокомпаниясында диктор-редакторлық қызметтен бастаған. 1998-1999 жылдары қалалық «Арна» газетінің тілшісі, 2000 жылдан бастап телевизияда жүргізуші-редактор. «Здравствуйте» бағдарламасының авторы, «Қайырлы таң», «Город и горожане», «Казахстан-2030», «Время вашего вопроса» хабарларының жүргізушісі әрі редакторы.
Жақыпов Ержан Өміржанұлы, редактор
1999 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін тәмамдаған. 1995-2006 жылдары Т.Ысмайылов атындағы орта мектепте тәрбие ісінің меңгерушісі, 2006-2009 жылдары «Қазақстан» РТРК АҚ Семей қаласындағы филиалының қазақ тіліндегі хабарларымен қатар, «Алло-02», «Қазақстан-2030» бағдарламаларында редактор-жүргізушісі. 2009 жылдан телеарнаның жаңалықтар бөлімінде редактор-жүргізуші.
Асанова Айгерім Гинятоллақызы, заңгер
1984 жылы Атырау қаласында туған. 2006 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін «халықаралық құқық мамандығы» бойынша бітірген. «Қазақстан» РТРК АҚ Семей қаласының филиалында 2008 жылдан қызметте.
Сейтова Самал Морякқызы, кадрлық жұмыс бойынша инспектор
1988 жылы Семей жеңіл өнеркәсіп техникумын, 1997 жылы Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған. 2011 жылы Алматы қаласында («Қазақстан» РТРК АҚ) біліктілікті жоғарлату курсын кадрлық іс өнеркәсібі, кадрлық менеджмент, ассессмент, сұхбат дайындау бойынша тыңдаған. 2008 жылдан «Қазақстан» РТРК АҚ Семей қалалық филиалында кадрлық жұмыс бойынша инспектор қызметінде.
Смағұлов Қуаныш Рахметоллаұлы, редактор
2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттің журналистика факультетін тәмамдаған. «Қазақстан құрылысшысы» газетінде, «Алматы» телеарнасында жаңалықтар бөлімінде қызмет атқарған. 2011 жылдың маусымынан «Қазақстан» РТРК АҚ Семей қаласындағы филиалында «Қазақстан-2030», «Ой талқы» бағдарламаларында редактор-жүргізуші.
Жибекенова Гүлбаршын Мұратқызы, жауапты шығарушы
1982 жылы 18 қаңтарда, ШҚО, Үржар ауданы, Бестерек ауылында дүниеге келді. 2002 жылы М.О.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжін, 2005 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған. 2004-2006 жылдары Семей педагогикалық институтында оқу-әдістемелік бөлім диспетчері, 2006 жылы Семей қалалық филиалының офис-менеджері, бүгінде Семей қалалық филиалында жауапты шығарушы қызметінде.
Атышева Тоты Қуанышбекқызы, жауапты шығарушы
1998 жылы Семей қаржы-экономикалық колледжін, 2005 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған. 2006 жылдан «Қазақстан» РТРК АҚ Семей қаласындағы филиалында референт-іс жүргізуші. Қазнетті дамытуға үздіксіз атсалысып отырады. Жеке блогы бар (vkototy.wordpress.com). Материалдары қалалық «Ертіс өңірі», «Семей таңы» газеті, облыстық «Жаңа әлем жастары», республикалық «Жалын», «Қазақ қызы» журналы, Massagan.com ұлттық порталы, Abai.kz, Arular.kz, Kerekinfo.kz сайттарында жарық көрген. 2010 жылы «Мінбер» журналистерді қолдау қоры мен «Сорос-Қазақстан» қоры тренингінен өткен 2011 жылы «Мінбер» журналистерді қолдау қоры өткізген тұңғыш қазақ блогшылары құрылтайына қатысқан.
|
- Жетістіктер
|
Жыл сайынғы ұйымдастырылатын республикалық фестивальдер мен телевизиялық басқосулар, салалық редакцияға арналып жасалған хабарлар Семей студиясының сапасын арттыруда. Жұмалық таралу ауқымы 98 сағатқа жетті. Мемлекеттік тілде 56 сағат немесе 57 пайызды құраса, қалған бағдарламалар 44 пайызды құрап отыр. Ең маңыздысы - күніне 5 рет қазақ және орыс тілдерінде шығатын жаңалықтар.
Семей қалалық филиалының хабар тарату кестесі қазіргі уақыттағы қаланың жарнама нарығына бейімделген. Көптеген бағдарламалардың демеушілері бар. Атап айтсақ, таңертеңгілік «Қайырлы таң», апталық «Қала және қалалықтар», «Город и горожане», «Шәкәрім тағылымы» ғылыми-танымдық бағдарламасы, «Притяжение», «Вершина», «Вересковый куст», «Поэтическая антология» хабарлары. Бағдарламалардың бір бөлігі мемлекеттік тапсырыс бойынша жасалады. Олар: «Жаңалықтар», «Қазақстан 2030», «Время вашего вопроса», «Здравствуйте», «Ой түйін», «Көкейкесті», «Жеті шатыр» және т.б. Семей қаласы мен жақын маңдағы ауылдық округтердің көрермендері филиалдың хабар таралымын толық көре алады.
Тілшілер өздерінің кәсіби біліктіліктерін үнемі жетілдіріп, түрлі деңгейдегі медиа-форумдарға қатысып, жүлделі орын алып жүр. Семей филиалының ардагері Федор Занарин авторлық жобаларымен түрлі фестивальдер де топ жарып жүрсе, жаңалықтар қызметінің редакторы Максим Вечерков соңғы екі-үш жылда Мәскеу, Ханты-Мансийск, Бішкекте өткізілген халықаралық экологиялық журналистика форумының бірнеше дүркін жүлдегері атанды. Ұжымның еңбегі (Әлия Қаймолдина, Сайра Нүсіпбаева, Надежда Семенова, Қайрат Жүнісов, Раушан Мусина, Рысгүл Мадвасова, Николай Миронов) корпорация, Шығыс Қазақстан облысы және Семей қаласы әкімдерінің тарапынан мақтау қағаздармен, Алғыс хаттармен бағалануда.
|
- Бағдарламалар
|
«Бала, бала, балақан»

«Бала, бала, балақан» - қазақ тіліндегі, мектеп жасына дейінгі кішкентай бүлдіршіндердің қатысуымен өтетін, олардың шығармашылығы, таланттары бағдарлама.
Редакторы: М.Сафаева.
«Ақындар антологиясы»
«Ақындар антологиясы» - аймақтағы танымал және жас ақындардың шығармаларымен көрерменді таныстырып, поэзия әлеміне тартады (екі тілде).
Жауапты редакторлар: Н.Семенова, С.Нүсіпбаева.
«Абай әлемі»

Абайдың ақындық мектебі, оның айналасы, ізбасарлары жөнінде бүгінгі уақыт биігінен талдап, таныстыру.
Авторы: С.Нүсіпбаева
«Шәкәрім тағылымы»
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өтетін, 20-30 минуттан тұратын, 40-тан астам сериялы бейнефильм. Ойшыл, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы мен рухани дүниелері туралы. Шәкәрімнің 150 жылдығына арналған.
Авторы: Аманғали Жақсыбаев.
«Орта толсын»
«Орта толсын» күн сайынғы тікелей эфир бағдарламасы. Әр күн сайын көрерменді өнер майталмандарымен, сирек кездесетін кәсіп иелерімен таныстырып, ойларымен бөлісуге мүмкіндік беретін бағдарлама.
Ұзақтығы: 30 мин.
«Жеті шатыр»
Аптаның басты оқиғалары мен жаңалықтарын зерделеп, түйіндейтін «Жеті шатыр» бағдарламасы. «Жаңалықтар» қызметінің редакторлары кесте бойынша даярлайды.
Ұзақтығы: 15 мин.
Тілі: екі тілде
«Қала және қалалықтар»
«Қала және қалалықтар» - қала тірлігі мен тынысы туралы апта сайын шығатын ақпараттық-сараптама бағдарламасы (қазақ, орыс тілдерінде).
Авторлары: С.Нүсіпбаева, Н.Семенова
«Қазақстан-2030»
«Қазақстан-2030» бағдарламасы жыл сайынғы Президенттің халыққа Жолдауын негізге ала отыра, кең көлемді тақырыптарды қамтиды.
Жауапты редакторлар: С.Нүсіпбаева, Н.Семенова
Тілі: екі тілде
Жиілігі: аптасына екі рет
«Қайырлы таң»
«Қайырлы таң» - күнделікті тікелей эфирге шығатын таңертеңгілік ақпараттық-танымдық бағдарлама. Бағдарлама барысында да, телевикториналар кезінде де интерактивті байланыстар қолданылады (180 минут, екі тілде).
Жауапты редакторлар: С. Нүсіпбаева, Семенова Н.А.
«Көкейкесті»
Күн тәртібінде тұрған, ел өміріндегі көкейкесті мәселе төңірігінде талқылау жасап, сол салаға жауапты басшылардың қатысуымен тікелей эфирде көрерменнің сауалына жауап беру.
Ұзақтығы: 30 мин.
«Ой талқы»
Қоғамда орын алған өзекті проблемаларды жастар арасында талқылау, көкейкесті мәселелерге қатысты олардың ой-пікірін, көзқарасын білу.
Хабардың міндеті:
1.Жастардың ой-жүйесін дамытып, интеллектуалды қабілеттерін арттыру;
2.Өзіндік ой-пікірін қалыптастыру, қоғамдық белсенділігін көтеру;
3.Мемлекет саясатын насихаттауды қолдау, ұлттық құндылықтарды қорғау,
жастарға отансүйгіштік тәрбие беру;
Ұзақтығы: 30 мин.
|
- Қарым-қатынас
|
Мекенжайы: 071403, Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы, Шугаев көшесі, 157-үй
Телефондары: 8 722-2 53 20 16;
Факс 8 722-2 53-15-38
e-mail: semey-tv@kazakstan.kz
|
|
|