Аймақтық желі

  • Батыс Қазақстан облыстық филиалы

    1964 жылы 26 қыркүйекте Батыс Қазақстан облыстық телестудиясының тұңғыш хабары эфирге шықты. 1964 жылы 15 тамызда Орал телеарнасының тұсауы кесілмес бұрын облыстық телевизия және радио хабары комитеті құрылып, алғашқы төрағасы болып Мәскеу Жоғары партия мектебін бітірген жергілікті маман Наурыз Сыдықұлы Сыдықов бекітілді.

     
    2011 жылы Орал қалалық мәслихатының шешімімен телестудия орналасқан көшеге Н.Сыдықовтың есімі берілді.
     
    Әр жылдары ұжымның тізгінін ұстаған Молдағали Рысқалиев, Ғарифолла Көшенов, Махамбет Машекенов, Мнир Сулейманов, Шавхат Өтемісов (қазір ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты) облыстық студияның дамуында қолтаңбасын қалдырды. «Қазақстан-Орал» телеарнасының қазіргі ізденістері мен табыстары Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің түлегі, еңбек жолын осы студияда редакторлықтан бастаған Асыланбек Ғұбашевпен тікелей байланысты.
     
    Теледидардың аға буын қызметкерлері ретінде А.Вдовин, А.Иночкин, Е.Қасенов, С.Ғұмаров, Л.Архипов, М.Нұғманова, С.Ғазизов, Ю.Юмашева, Н.Чесноков, Ғ.Тұрғаналиев, А.Дош, Ж.Габдуллина, А.Агелеуова, Л.Глазова, Р.Кабашева, Т.Гилманова, Г.Корчагина А.Қарасаева, А.Садомсков, К.Чукеев, С.Власов, В.Иванов, Е.Чернов, И.Чеботарева, Т.Яценко, Л.Словцов, В.Ситник, З.Ляпина, Е.Киняхина, Л.Власова, В.Наугольнов, С.Квятковский, Р.Алексеева, В.Рассолов есімдері алдымен аталады.
     
    Алғашқыда эфир уақытының ұзақтығы 3-4 сағат болды. Хабарлар мен жаңалықтарды беруде фотосуреттер пайдаланылды. Кейін кинокамералар алынып, фотосуреттерді ақ-қара түсті кинопленкалар ығыстыра бастады. Облыстық арна ашылған тұста одақтық және республикалық телевизияның қызметі әлі облыс орталығына жете қоймағандықтан оралдық көрермендер жергілікті хабарларды жіті қадағалайтын.
     
    Облысқа іссапармен келген еліміздің танымал өнер адамдары мен ақын-жазушылары да студияға ат басын бұрды. Жергілікті көрермендер КСРО Халық әртістері Б.Төлегеновамен, Х.Бөкеевамен, Е.Серкебаевпен және басқа да әйгілі өнер жұлдыздары мен Ж.Молдағалиев, С.Сейітов секілді белгілі ақындармен дидарласқан-тын. Арнаның шығармашылық ұжымы жұмыстарын одақтық және республикалық эфирден де көрсетуге тырысты. КСРО кезінде Орал студиясы дайындаған бағдарлама екі рет Мәскеуден, бірнеше рет Алматыдан берілді.
     
    Облыстық теледидар ұжымы 60-70 жылдары Кеңес Одағының Батырлары М.Мәметова, С.Есқалиев, Е.Орақбаев пен тың және тыңайған жерлерді игеруге ат салысқандар туралы онға тарта деректі фильм түсірді. Сапуатолла Ғазизов Кеңес Одағының Батыры, Жаңақала ауданындағы «Красногор» жылқы зауытын басқарған Есен Орақбаев туралы «Директор», осы ауданның мал азығын дайындаушылар туралы «Сәуле», тракторшы қыздар бригадасының жұмысы туралы «Аққу қыздар» деректі фильмдерін дайындады.
     
    Облыстық студияның тақырыптық хабарлар редакциясы, әдебиет пен өнер, мәдениет мәселелерін қамтитын хабарлар да дайындады. Қоныс Миханов «Жайық толқыны» тележурналының, Мұқадес Есламғалиев «Жұлдыз» телеальманағының авторы болды. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары жастарға арналған «Уақыт және біз», «Жұмысшы ізбасарлары» атты хабарлар дайындалды.
     
    1986 жылы Южно-Сахалинск қаласынан әкелінген ПТВС арқылы «Серпін» бағдарламасы әзірленді.  Телевизиялық станциясының алғашқы хабары облыс орталығынан 150 километр қашықтықтағы Жымпиты (қазіргі – Сырым) ауданының орталығынан дайындалды. Техника жетістігін пайдаланып, студиядан шалғай жатқан ауданнан хабар әзірлеу ұжыммен қатар көрермен үшін де елеулі оқиға болды.
     
    Орал телеарнасында өнер мен мәдениетті насихаттауда, оның проблемаларын көрсетіп шешуде Ботакөз Баймұқанова елеулі үлес қосты. 1980-1990 жылдары ол дайындаған «Халық таланттары», «Терме», «Әнқұмарлар» клубы, «Дидар» циклдарының хабарлары осы міндеттерден көріне білді. Кейін Б.Баймұқанованың жастар тәрбиесі мен ұрпақтар түсіністігіне және отбасы бірлігіне арналған ұлттық «Ақ отау», «Қыз Жібек», «Айқаракөз» хабарлары көрермендердің жылы лебізіне бөленді. 1990 жылдардың басында кешкі уақытта берілген «Ақшам», тікелей эфирде жүрген «Обратная связь» хабарларының рейтингі жоғары болды.
     
    Бүгінде «Қазақстан-Орал» телеарнасы тәулігіне 14 сағат, аптасына 98 сағат ақпарат таратады. Аптадағы хабарлардың 21 сағатын республикалық, 5 сағатын облыстық мемлекеттік тапсырыс құрайды. Арна бойынша тәулік сайын эфирге беріліп отырған төл хабарлардың 4 сағаты – жаңа бағдарламалар. Оның 60 пайызы - қазақ тілінде.
     
    Таңсәріден ұсынылатын «Қайырлы таң» бағдарламасы көрермендердің көңіл-күйін көтеріп, мәдениет пен өнер саңылақтары, еңбек озаттары туралы тағылымдық ақпарат беріп, тұрмыстық жайттар бойынша пайдалы кеңестер айтады. «Наркескен», «Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Ой дода» ток-шоу хабарлары мен «Жебе» пікірталас дөңгелек үстелі ерекше орын алса, кейін «Бізбен бірге» бағдарламасы көрерменге ұсынылды. Орыс тілді аудиторияға арналған «Прямая речь» хабарында қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мәселелері жергілікті ғалымдар мен тіл мамандарының, ұлттық-мәдени орталық өкілдерінің, жалпы тіл жанашырларының қатысуымен талқыланады.
     
    «Қазақстан-Орал» телеарнасында ұлттық рухты көтеруге арналған бағдарламалардың бірін-бірі толықтыруы ескерілген. Журналистік зерттеу мен деректі дүниелерге сүйенетін М.Балмолдиннің «Алтын бесік» бағдарламасының да міндет-мақсаты салмақты. Егемен еліміздің жастарына патриоттық тәрбие беруге қосқан үлесі үшін «Намыс» хабарының авторы Гүлмира Тілеубаева ҚР Ішкі істер министрлігінің «Қайсар» төсбелгісімен марапатталды. Тілді дамытуға белсенді және нәтижелі ат салысқаны үшін Қазақстан Республикасы Ақпарат министрлігінің бас жүлдесі мен сыйлығына «Қуыр, қуыр, қуырмаш» хабары (авторы Надежда Бишаева) ие болды. Репортаждық жанрға негізделген «24 сағат» хабары дәрігер, такси жүргізушісі, учаскелік полиция инспекторы секілді әртүрлі сала мамандарының тәулік бойғы қызметін көпшілікке кеңінен таныстырды.

    1989 жылдан  Орал телестудиясы бастап түрлі-түсті бейнетаспамен жұмыс жасауды қолға алды.
     
     
    2003 жылдан облыстық телевизия толықтай сантаңбалық форматқа көшірілді. «Қазақстан-Орал» телеарнасы осы заманғы сантаңбалық санаттағы бейне-дыбыс жазу, монтаждау құралдарымен толық жабдықталды. 2003 жылдан бастап «Қазақстан - Орал» телеарнасының бағдарламалары «Кателко» ғарыштық жүйесі арқылы облысқа тарай бастады.
     
     
    2007 жылдың 1 сәуірінен облыстық радио хабарлары да ғарыш арқылы таралды. Бүгінгі таңда облыстың 98 пайызы «Қазақстан» ұлттық арнасының жиілігінде тарайтын облыстық телехабарларды көріп келеді. 28-ші дециметрлік «Қазақстан-Орал» телеарнасының хабар тарату кезіндегі елдімекендерді қамту аймағы 50-60 км радиус шамасында.
     
     
    2010 жылдың 9 қыркүйегінен бастап барлық аудан орталықтары мен ірі елдімекендер «Қазақстан-Орал» телеарнасының 14 сағаттық бағдарламаларын көре бастады.

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

  • Біздің ұжым
  • Жетістіктер
  • Бағдарламалар
  • Қарым-қатынас