Аймақтық желі

  • Шығыс Қазақстан облыстық филиалы

    Кенді Алтайдың киелі ордасы - Өскемен қаласындағы студия қазақ жеріндегі тұңғыш телевизиялық студия ретінде 1958 жылы наурыздың 16-шы жұлдызында ашылды. 
     
    Сол күні телеарнаның эфирінде «Жеңіс салюті» бағдарламасы өтті.
    Қызметке ерекше ынта қойып кіріскен ұжым бірлігінің арқасында 1959 жылдан бастап, аймақта киноөндіріс құрыла бастады. Операторлар «Киев-С» деген қарапайым камерамен жұмыс істеді. Ол камераларда түсірілім 15 метрлік пленкасы бар касеталармен жүргізілетін. Ең қызығы сол, 15 метрлік пленка тек 1 минуттық түсірілімге жететін. Телевизиялық аппараттардың жаңартылуымен қатар, облыста телевизиялық стансалар мен тарату желісі аумағын кеңейту мақсатында радио желісінің құрылысы жүріп жатты.
     
    1968 жылы 1 мамырда  Өскемен мен аудандардың басым бөлігі Орталық телеарнаның бағдарламаларын қабылдау мүмкіндігіне ие болды.
     
    1974 жылдан республикалық бағдарламаларды аймақ жұрты тамашалап, одақ көлемінде болып жатқан елеулі оқиғалар ағымы туралы телеарна эфирінен хабардар болып отырды.
     
     1980 жылы Шығыс Қазақстан облыстық телевизиялық студия кинооператорлары Мәскеу олимпиадасын түсіруге қатысты.
     
    1981 жылы «Перспектива» түрлі-түсті телевизиялық аппараттық және жаңа телепроекциялық блоктар орнатылып, пайдалануға берілді. Көрерменнің көзайымы болған арна эфирінде түрлі-түсті форматтағы бағдарламалар мен жаңалықтар шығарылымы телевизиялық өндірістің тағы бір кезеңін артқа тастап, көш ілгерілеуге бағыт алды.
     
    1988 жылы жылжымалы телевизиялық станция (ПТС) ғимараты салынды және «Магнолия 83-А» жылжымалы телевизиялық станциясы пайдалануға берілді. Ғасыр талабына сай жабдықталған кешен арқылы әр ауданнан, өңірдің тарихи-мәдени орындарынан эфирге тікелей қосылуға болатын. 30 жыл ішінде арна ұжымы жыл сайын жаңа шығармашылық, техникалық топтармен толығып отырды.
     
    1997 жылы Семей мен Шығыс Қазақстан облыстарының бірігуіне орай, телеарна мен облыстық радио ортақ облысқа жұмыс істейді. Сол жылдың қазан айында телеарна 18 сағаттық ауқыммен 12 метрлік қашықтықта хабар таратуды бастайды.
     
    2003 жылы Өскемен облыстық телерадиокомпаниясының атауы «Қазақстан» РТРК АҚ-ның Шығыс Қазақстан облыстық филиалы деп өзгертілді.
     
    2008 жылы қараша айынан бастап «Қазақстан-Өскемен» телеарнасының 14 сағаттық хабар тарату тізбегі облыстың 100 пайызын қамтыды.
     
    2009 жылы телевизияға 4 камералы жылжымалы ПТС «Мерседес» көлігі берілді.
     
    2010 жылы 28 маусым күні Астанамен республикалық телекөпір өтті. Елбасының мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарламаның дамуына байланысты «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз!» жұмыстарында Шығыс Қазақстанның ірі жобаларын көрсету телекөпірі «Қазақстан-Өскемен» телеарнасының мамандары көмегімен жүзеге асты.
     
    2010 жылы 21 желтоқсан күні Астанамен республикалық «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз» атты жалпыұлттық телекөпір өткізілді.

  • Біздің ұжым
  • Жетістіктер
  • Бағдарламалар
  • Қарым-қатынас