01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

Лондонның жоғарғы соты Мұхтар Әбілязовты 22 айға қамау туралы үкім шығарды. Тұманды Альбион елінен жеткен осынау ақпарат қазақ қоғамын біраз ойға жетелегені анық. Бәзбіреулер елден қашқан банкирді экстрадициялауға мүмкіндік туады деп кіжінді. Басқалар саяси ойынға балады. Үшінші топ енжар қарады. Тағы бірі  - ұрлық түбі - қорлық екенін айтты. Бұқарамен қоса, ресми билік те Бас прокуратураның аузымен өз ұстанымын білдірді. Алыста жатып алып, ғаламтор арқылы ара-тұра билікке тас лақтырып отыратын қашқын банкир Лондон сотын сыйламағаны үшін жазықты болып отыр.

Жат жұртта бас сауғалап жүрген банкир өзіне саяси баспана берген елдің сотын неге, қайтіп сыйламапты деген сауал көкейіңізді күпті қылып жүрсе біле жүріңіз лондон соты оның күмәнді активтерін  құрсаулау туралы 2009 жылы шешім шығарған болатын. Қазақша айтқанда,«мына ақшаға тиме, бұл әзір сенікі  емес анық-қанығын, түп-төркінін анықтап алайық, содан кейін көре жатармыз» деп Әбілязовке ескертеді. Бірақ, ол бұл бұйрыққа бағынбай, жалған құжаттар арқылы әлгі байлығын басқа біреудің атына рәсімдеп жібермек болған көрінеді. Енді міне алдаймын деп, абақтыға қамалғалы отыр. Сот 22 ай түрмеге кесті.

 
Лондон шаһары бұл - Ұлыбританияның астанасы, тағы бір анықтамасы: қазақ елінен қашқан ірі байлардың қорған тұрағы. Қазақтың экс-қаржыгері, қазіргі қашқыны Мұхтар Әбілязовтың соңғы соты Лондондағы мына ғимараттың ішінде өтті. Бірақ, сот отырысына айыпкердің өзі қатысқан жоқ. Судья Найджел Тиер сотты сыйламағаны үшін, 22 ай түрме кесіп, төлқұжатын тәркілеген.
 
Елде жүрген кезінде көп шараның біріне қатысты айтқаны еді Мұхтар мырзаның. Әбілязовтың істі болуы шынында да дәстүрге айналып барады. Естеріңізде болса, ол 2002-2003 жылдар аралығында қазақ түрмесінің де дәмін татып шыққан. Бір жылға жетер-жетпес уақыт. «Жаздым-жаңылдым» деп қапастан шыққан қаржыгер, БТА банктің тізгінін қайта ұстады. Бұл туралы сәл кейінірек. Ал Мұхтар Әбілязовке Лондон соты неге шамданды? Бұған дейін дәл сол сот Әбілязовке тиесілі, бірақ түбі шикі, күмәнді активтерді өз шешімімен бұғаулап тастаған екен. Ал экс-банкир сол бұғау туралы бұйрықты елемеген, ескергісі келмеген. Енді үш бірдей айып тағылып, сот шешімі шықты. Ол қандай айыптар?
 
Бірінші айып: «Бубрис» компаниясының иесі екенін жасырған.
Екінші айып: «Карлтон Хауз» пен «Оуклэндс Парк» үйлерін және Альбертс Корт – 17-дегі пәтердің иесі екенін жасырған.
Үшінші айып: Сот бұйрығын бұзып «Stantis» компаниясынан талап құқығын қайта табыстағаны үшін Соттың соңғы шешімі - 22 ай, қазақша айтқанда 1 жыл, 10 айға түрмеге жабу.
 
Сауалнама:
Жалпы, соттың шешімі солай шыққан болса, оны орындау керек. Оған құрметпен қарау керек. Қазақстанда да сондай, Ұлыбританияда да солай.
 
Әбілязов туралы мен білмейді екенмін, таң қаламын. Осыншама, сонда, миллардтаған ақшаны басқа жаққа алып кеткені, ешкім қарамағын ма оны?
 
Енді ондай мемлекеттің ақшасын талан-таражға салған адамдар көп. Бірақ, енді Әбілязовтың артындағы былықтардың барлығы шағды. Мемлекеттің қаржысын талан- таражға салғаны үшін. Сөйтіп ойлаймын өзім.
 
Мемлекеттің біраз байлығын, ақшаларын алып кетті. Солар, егер шын мәнінде солай болса, қайтару керек. Олардың барлығы салық төлеушілердің ақшасы ғой.  ол обал болады. Ол былай өмірде заңдылықпен жауабын алмаса, Алла оның жазасын береді. 
 
Лондон соты құрметтемегені үшін жазаласа, қазақ билігі Әбілязовты қаржыны қымқырғаны үшін айыптап отыр. Аз емес! 10 миллиард доллар.

Иә, экономика он миллиард долларды елейтіні рас. Мемлекет басын қырсық шалған банктің ісіне амалсыз араласты, салымшылар сенделмес үшін, инвесторлар қазақтың елін көрместей болып кетпес үшін. Ал БТА-ның былығы билігіне Мұхтар Әбілязов келе сала басталған, дейді тергеушілер. 

  Артур  Ластаев, ҚР Бас прокуратурасы 1-ші департаментінің арнайы прокуроры:

Тергеу барысы 2004 жылы Әбілязов мырза банктің өз ақшасын өзіне құйып, БТА-ға акционер болғанын көрсетіп отыр, бұған айғақтар жеткілікті.

Қарапайым тілмен айтқанда, банк несие береді, ол ақша Мұхтар Әбілязовтың құзырындағы компанияларға бағытталады. Ал сол компаниялар өз кезегінде банктың акцияларын сол ақшаға сатып алады. Соңынан Әбілязов Тұран әлем банкінің акционері болып шыға келді. Банктің Директорлар кеңесінің Төрағасы болды. Нәтижесінде, банкті басқарған кезеңде ол және оның қылмыстық тобы қаржы жымқырудың жүйелі тәсілін жасады. Тергеушілер Мұхтар Әбілязов пен оның көмекшілері алдымен БТА-ны көркейіп келе жатқан банк есебінде көрсету үшін капиталды қолдан көбейтті, – дейді. Яғни, сыртқы рынокта тиімділігі жоғары-мыс деген қауесетті үрлеп, құнды қағаздарды сатып алады. Қазыналық облигацияларды, еуропалық қаржы ұйымдарының құнды қағаздарын, ауқатты несиелік ұйымдардың қаржыларын тартады қылмыстық топ. Сол арқылы банктерді зерделейтін халықаралық сараптама орталықтарының көзіне түсуді ұйғарады. Ол мақсатқа жетеді де.

 
Артур Ластаев, ҚР Бас прокуратурасы 1-ші департаментінің арнайы прокуроры:
 
Ол құнды қағаздар бір қарағанда банктің меншігіне сатып алынды. Ал қаржы біресе Мұхтар Әбілязовтың жеке активтерін сатып алуға жұмсалды, біресе банкке қайтарылды. Сондай-ақ, бастапқы нарықтан активтер, иә болмаса, облигациялар сатып алынды. Ол облигациялар қашанда екінші дәрежелі құрылымның капиталына тиімді әсер етеді. Қарапайым түсіндірер болсақ, мысалы: банктің жүз тенгесі бар делік, ол банк өзінің сыбайласымен келіседі де, жүз тенгені несиеге береді. Жүз теңге енді үшінші тұлға арқылы банкке қайтарылады. Ал банк өз активінде жаңағы қайтарылған  жүз тенгені де көрсетеді, несиеге беріп жіберген жүз тенгені де көрсетеді. Екі жүз теңге бар. Ал бұндай жағдайда, ұғынықты айтқанда, банк 1500 теңгеге дейін инвестиция тарта алады. Ал жүз теңгесі ғана болса, сәйкесінше, жеті жүз теңге ғана тарта алады. Яғни, жүйе қарапайым - көрсеткіштерді қолдан семіртіп, өзге жұртты алдайды. 
 
Александр Огай, ҚР Бас прокуратурасы департамент бастығының орынбасары:
 
Әбілязов банкке өз ақшасын салған жоқ, ал оның өз банкімді өзім қалай тонаймын деп ақталуы жалған сөз. Өйткені, 2004-2005 жылдары банктің капиталы тым жылдам өсті. Тергеу оның қолдан жасалғанын көрсеткіш екенін дәлелдеп отыр. Яғни, акциялар мен банк шығарған құнды қағаздарды жалған офшорлық компаниялар арқылы Әбілязовтың өзі сатып алады. Ал ол компанияларға несиені БТА банктің өзі бөледі. Яғни, банктің құнды қағаздары сол банктің өзі берген несиелерге сатып алынды. Бұл тәсілге халықаралық барлық қаржылық реттеуші құрылымдар әлемде қатаң тиым салған. 
 
Айтып-айтпай не керек, Әбілязов пен оның тобы қазақтың қаржы жүйесінен жиыны он миллиард доллар үптеп кеткен. Енді, Лондонда басы іске шатылып жатыр. Экс-банкирге саяси баспана берген елдегі бұл жаза біздің билік айыптаған қашқынды елге қайтаруға әсерін тигізе алады ма? Кесіп айту қиын. Ал алда-жалда, қолға түсе қалса барлық мал-мүлкі тәркіленіп, ең зоры он екі жылға дейін абақтыға жабылуы мүмкін.
 
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.