01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

Жұмыссыздық біздің қоғамның сыздаған бір жарасы болса, бас ауруы баспана болып тұр. Екеуі қос бүйірден келіп қысқанда, талай атпал азамат теңселіп сала береді. Тұрмыстың осынау тауқыметіне шыдамай, біраз отбасының шаңырағы шайқалды. Осындайда Қасым ақын құсап қапаланбасқа болмайтын секілді. 1946 жылы он шумақтан тұратын «Баспана» атты өлең жазған шайырдың талантымен қоса, тағдыры да бүгін қасымызда жүрген Қасымдарға бергені өкінішті. Талай қазақтың баласы тентіреп жүр, Алматы мен Астанада тапқан-таянғанын пәтерге беріп. Бас сұғып кірер баспанасы жоқ ұлан-ғайыр даладан да ұлтарақтай жер бұйырмай тұр. Әрине, үй мәселесі бүгін, я кеше пайда болған жоқ. Қазақ баласы қаланы жағалаған кеңестік Қазақстан кезінен бастап жағамызға жармасып келе жатқан кесел. Жайлы орын-жарым құрсақ. Баспанаға қолы жетпей жүрген жұрттың жағдайын реттеуге мемлекет біраздан бері талаптанып келеді. Қайбір жылдары құрылыс Қазақстан экономикасының қара нары деп бағаланып, жаппай үй салу науқаны басталып еді.
 
Әуел бастағы қарқыны қатты болатын, тек қаржы дағдарысы есеңгіретіп кетті. Кейбір компаниялар бастаған ісін, аяқтай алмай, үлескерлер алдында айыпты болды. Сотқа тарылды, біразы Үкімет жәрдемінің арқасында жан сақтап қалды. Президенттің тікелей қадағалауымен Ұлттық қордан қаржы бөлінген соң, құрылыс саласына қайтадан қан жүгіріп, үлескерлердің де үміті оянды. Н.Назарбаев биылғы Жолдауында да баспана мәселесіне де баса назар аударды. Үкіметке «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын әзірлеуді жүктеп, бірінші кезекте жас отбасыларға жағдай жасауды міндеттеді.
 
Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауда Тұрғын үй құрылысын дамытудың бағытын айқындап, басымдығын нақтылап жүр. 2007 жылы қаржы қыспағынан құрылыс индустриясы қаңтарылып қалған кезде де мемлекет үлескерлердің үмітін өшірмеді. Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлініп, баспанасы үшін алаң көңіл болып жүрген 62 мың үлескердің үй жайы шешілді.«Тұрғын үй» мемлекеттік бағдарламасы арқылы елімізде 20 мыңнан астам тұрғын жаңа пәтердің кілтін қолына алды. Бұл бағдарлама сонымен бірге сала индустриясын көтерумен қатар, құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардың әлеуетін аяққа тұрғызды. Осы бағыттағы лекке енді «Қолжетімді баспана -2020» бағдарламасы келіп қосылды.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
Біз жаңа тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Елімізде жыл сайын 6 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуде. Алайда, біз жарты миллионнан астам жас отбасына жеке баспанамен қамтамасыз етуге тиіспіз.
 
Осыдан тоғыз жыл бұрын Арыс қаласынан арқаланып Астанаға көшіп келген Тағаевтар отбасы Мемлекет басшысының Жолдауына елең етті. Саяжайда құрқұлтайдың ұясындай баспананы жанына сая еткен отбасы «Қолжетімді баспана» бағдарламасына ілессек деп үміттеніп отыр.Үй иесі Ердуәлі жеке көлігімен такси болып нәпақы тапса, әйелі Жолбай қаладағы емханалардың бірінде істейді. Қабырғасы жұқа саяжайлық үйге жылу тұрмайды. Жас отбасы ертелі кеш пешпен алысып әуре.
 
Жолбай Әзімбекқызы, Астана қаласының тұрғыны:
Қарапайым халықтың жағдайын ойлап, сөйлегеніне қуанып жатырмыз бір шетінен. Енді соған жағдай жаса, үй алсақ па деген ойымыз бар. Сыртқа берген 20 мыңды одан да сол өзімізге қалады деген оймен елге, Үкіметке төлегеніміз жақсы деп ойлаймын.
 
Ердуәлі Тағаев Астана қаласының тұрғыны  
Осы үлкен үйді аңсап тек мен ғана емес, менің дүниеге келген балаларым аңсап отыр.
 
Базынасы көп баспана мәселесін шешуге Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов енді ғана мүмкіндіктің туындағанын айтты.1998 жылдан 2008 жылға дейін қала әкімшілігі небары әлеуметтік жағдайы әлжуаз 139 отбасыға ғана пәтер үлестірген. Одан бері де қала халқы күрт өсіп, баспанаға мұқтаждық бәсеңдемей тұр.
 
Иманғали Тасмағанбетов Астана қаласының әкімі :
Бізде муницепалды үйді алуға кезекте әлеуметтік жағдайы төмен 21 мың отбасы тұр. Біз былтырғы жылы 3 мың үйді жалға бердік.
 
Шыр етіп дүние есігін ашқан Сезім, Сенім,Сенемін атты үшемнің әке-шешесі Алмат пен Гүлнәз жуырда ғана Астана қаласының іргесіндегі тұрғын үй кешенінің бірінен пәтерлі болды. Төрт баланы жетектеп, пәтер жалдап жүрген Жұматовтар шаңырағы  сөйтіп үшеммен қоса баспаналы болып, жаңа қонысқа көшті. Өңірлерде де құрылыс саласында оң өзгеріс бар.
 
Қазіргі күні Петропавлда 95 пәтерлік 2 жалдамалы-коммуналдық үй тұрғызылуда.Бұған қоса құрылыс жинақ банкі салымшылары қаржысына 126 пәтерлі үйдің құрылысы басталды. Бүгінде үй құрылысы технологиясының жетілгені сондай, жыл айналмай жатып, зәулім үйлердің сұлбасы шығады.
 
Антон Макаров, қала әкімінің орынбасары:
Пәтерді бөлу барысында ең бірінші Ұлы отан соғысы ардагерлеріне беріледі. Қалғандарына кезек бойынша. Биыл 5 көпқабатты үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.
 
Мамандардың пікірінше, баспанаға зәрулер қазіргі құрылыс қарқынымен кезекті 7 жыл күтетін көрінеді. Елбасының биылғы жолдауынан кейін, пайдалануға берілетін үйлер саны артып, кезекті қысқаратуға толық мүмкіндік бар.
 
Бюджет қызметкерлерін баспанамен қамту облыс орталығында ғана емес,аудандарда да жалғасын табуы қуантады. Биыл Қостанай ауданының орталығы Затобол кентінде 2 қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, мемлекеттік бағдарлама бойынша 30 отбасы баспаналы болды. Олар бюджет қызметкерлері, ардагерлер және көп балалы отбасылар.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша жалға берілген бұл пәтерлерге тұрғындар ай сайын небәрі үш мың теңге төлейді.
 
Баспана мәселесін шешу үшін 2011-2014 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы былтыр қабылданған еді. Соның игілігін дүйім жұрт көре бастады.
 
Өткен жылы тұрғын үй құрылысына барлық қаражат көздерінен 417 млрд. теңге тартылды. 6,5 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді. 55 мың 511 қазақстандық пәтер кілтін иеленді.
 
Айжан Медеуова, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Астана қалалық филиалының директоры:
Банктің бағдарламасы бойынша бүгінгі күнде әкімдіктермен 79 тұрғын үй кешенін салу туралы келісім-шарт жасалды. Онда жалпы аумағы 343 мың шаршы метрді құрайтын жерде 5111 пәтер болатын. Бұл Қазақстан бойынша.
 
Үкімет қазірде «Қолжетімді баспана» бағдарламасының жобасын дайындауға кірісті. Бас атқарушы орган қазірде осы қаржыландырудың механизмін салалық құрылымдармен келісіп, нақты шешімін шілде айында шегелейді.
 
Нұрлан СОҢҒЫБАЙҰЛЫ
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.