01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

Бізден қашқандарға саяси баспана беруге дайын тұратын Еуропа экономикалық дағдарысқа дайын болмай шықты. Биліктің мұндай бейшаралығына бұқара жұрт наразы. Грекияда осы аптада студенттер шеруге шықса, Германия мен Испанияда ұшқыштар наразылық таныттыі.  Зейнеткерлердің де жағдайы мүшкіл. Қараша халықтың қаражаты түгесіліп, тауарға сұраныс күрт төмендеді. Соның салдарынан өндірістің де кірісі кеміп, мемлекетке түсетін салық азайды. Ал 100-ге жуық банктің рейтингі төмендеп, құлдырауға бет алды. Әзірге, ел басшыларының бюджетті үнемдеу жобалары нәтижесін бермей тұр.
 
Еуропада қарыз дағдарысы өршіп, мемлекеттердің несиелерді өтеу мүмкіндігі әлсірегені сонша, осы аптада «Мудис» халықаралық агенттігі аймақтағы 114 банктің рейтингін төмендететіндігін ескертті. Яғни, бұл өңірдің қаржы институттары мен инвестициялық топтарына бұрынғыдай арзан пайызбен несие алу жолдары қиындай түспек. Несиелік жағдайы күмән тудырып отырған елдердің бірі – Испания.  Мұнда қаражат тапшылығынан жұмыссыздар саны 23 пайызға жуықтап, былтырғы жылдың соңғы тоқсанында өндіріс 0,3 пайызға құлдырады. Ал экономикалық реформалардың зардабын әдеттегідей қарапайым халық тартып отыр.
 
Сильвия, Мадрид тұрғыны:
Меніңше, үкімет өз басын ғана ойлайды. Жұмысшыларға жанашырлықты байқамадым. Осы дүңгіршекте тұрғаныма екі жыл болды. Салық, салық дегенді ғана естимін.
 
Грекияда да экономикалық реформалардың басталғанына екі жылдан асты. Осы уақыт ішінде мұнда салық талай рет өсіп, жалақы мен зейнетақы қайта-қайта қысқарды. Ал Маргарет Вайлас осыдан бес жыл бұрын Канададан отаным деп еліне оралғанда, мемлекеттің бюджетті үнемдеу саясатының құрбаны боламын деп еш ойламапты. Өткен айда ғана сұлулық салонында қызмет еткен Маргарет қазір жұмыссыздар армиясының қатарында. Дегенмен, жалғыз ол емес - Грекияда бүгінде 24 жасқа дейінгі жастардың 48 пайызы ешқандай кәсіпсіз жүр.
 
Аргирис Эвангелиос, сұлулық салонының қожайыны:
Әрине, қарамағыңда бес жыл жұмыс істеген адамды штаттан босату қиын. Алайда, соңғы бес айда клиенттеріміздің саны 50 пайызға азайып кетті. Өйткені, дағдарыс салдарынан ел бүгінде ақша жұмсаудан қорқатын болған.
 
Еуропа елдері халықаралық банктер мен инвестициялық компаниялар алдындағы қарызын азайтып, даму жолына түсу үшін бүгінде Қытайдың көмегіне де жүгінуге мәжбүр. Осы аптада Еуропа одағының президенті Херман Ван Ромпей мен Еуропа комиссиясының президенті Жозе Мануэль Баррозу Пекинде Қытай басшысы Ху Цзиньтаомен кездесті. Диалог барысында коммунистік мемлекет үкіметі «Қарт құрлыққа» инвестиция салуға және оның дағдарыстан шығуына жәрдемдесуге уәде берген. Алайда, тараптар бұл жөнінде нақты келісім жасаған жоқ.
 
Лью Вэйминь, Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
Қытай лидерлері Еуропада қарыз дағдарысын еңсеруіне жәрдемдесуге әзір. Сонымен қатар, біз евро мен Еуропа экономикасына деген сенімді нығайтуға да қолдау көрсетуге дайынбыз. Осы мәселелер жайында байланысымыз әрі қарай күшейе бермек. Ал аталған ұсыныстарымызды еуропалық жетекшілер қошеметпен қабылдады.
 
Қытайдың шетел валютасында жинақталған ақша қоры 3 трлн. 200 млрд. долларға жетіп отыр. Кейбір деректерге қарағанда, соның төрттен бір бөлігі евромен сақталған.
Демек, Пекиннің европалық қарыздарды сатып алып, аймақтың ес жиюына мүмкіндік жасап, кейіннен өзі сол Еуропамен сауда-саттықты тіпті, күшейтуі ғажап емес.
 
Лью Вэйминь, Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
Бұл саммит - Қытай мен Еуропаның дағдарыспен бірлесе күресіп, серіктестікті тереңдету ниетінің бір көрінісі. Екі жақты ынтымақтастықтың күшеюі әлемдік экономикаға да серпіліс береді деп ойлаймын.
 
 Ал Страсбургте Еуропаның бүгіні мен келешегі сөз болды. Грекия, Португалия, Ирландияны тұралатқан бюджет тапшылығы кейінгі кездері бүкіл одақ экономикасына кері әсер етіп, Италия, Бельгия, тіпті, Ұлыбританияны рецессияға ұрындырды. Сонымен қатар, бұл дағдарыс аймақ елдерінің арасына жік салып, бірлігін кетіре бастаған. Италия Премьер-министрі Марио Монтидің пікірінше, аймақтағы кризис үшін тек оңтүстіктегі елдерді айыптау дұрыс емес, қайта қиындықпен бірлесіп күрескен жөн.
 
Марио Монти, Италия премьер-министрі:
Еуропа одағында жақсылар мен жамандар жоқ. Біз атқарған істеріміз бен болашақ үшін бірге жауап беруіміз керек. Грекиядағы дағдарысты ескере отырып, аймақтың оңтүстігін берекесіз, солтүстігін рақымшыл деп бөлген жөн емес.
 
Соңғы 4-5 жылда несиеге сеніп, экономиканың нақты салаларына баса мән бермеген Еуропаның халі осындай және қарызы басынан асқан елдер көбейген сайын, өнімге сұраныс азайып, рецессия еуропалықтарға қайта оралды. Грекияны айтпағанда, оған таяуда италиялықтар, бельгиялықтар, чехтар, британдықтар және голландиялықтар аяқ басқаны аян. Алда тағы қай ел тұр – бұл сауалға осы жылдың бірінші тоқсаны аяқталған соң жарияланатын статистика жауап бермек.
 
Арыстан РЫСБЕК
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.