Қазақты киіндіріп, ыдыс-аяқ, құрал-сайманмен қамтамасыз етіп отырған шығыстағы көршіміз бізден де кейбір дүниелерді сатып алады. Бірақ дайын өнім емес, шикізат күйінде. Сол шикізат күйінде Қытай асатын тауардың бірі - киіктің мүйізі. «Түлкінің қызылдығы - өзіне сор» демекші, шекесіне біткен қос мүйізі үшін сайын даланың ерке жануары жойылып жатыр. Ақбөкенге ажал оғын себетін тажал аңшылар көбейді. Олардың арасында мүйіз сатуды кәсіпке айналдырған кәнігі браконьер, жәй әшейін салбурындатып сауық қуған салбөксе бай-бағландар да, тіпті, аудандық, облыстық деңгейдегі шенеуніктер де бар көрінеді. Қолданыстағы заңға сәйкес әрбір аналық ақбөкен 200 айлық есептік көрсеткішке сай бағаланады. Қолданыстағы заңға сәйкес әрбір аналық ақбөкен 200 айлық есептік көрсеткішке сай бағаланады. Егер айыптылардың кінәсі дәлелденсе, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылуымен қоса, атылған аңның құнын да өтеуі тиіс. Дегенмен, олар бұл айыппұлды бірер бөкеннің мүйізін саудалаумен-ақ өндіріп алары сөзсіз. Сондықтан, қанша жерден қадағалау болғанмен, құныққан браконьерлер дала тағысын қырып жатыр, қырып жатыр.
«Кей қазақ кәсіп қылған киік атып, мүйізін пайда қылып, шетке сатып». Сәкеннің атақты «Ақсақ киік» өлеңі бұл. 1924 жылы жазылған екен. Әлі өзектілігін жойған жоқ. Себебі, киіктің мүйізі әлі де пұлданып жүр. Бұрын қайда сатылғанын қайдам, қазіргі мүйіздің бәрі Қытай асады. Жарнамасы да көше-көшеде жарқырап тұр.
Киіктің мүйізінің 1 кг бөкен мекендейтін жерде 20-30 мың теңгеге бағаланатын болса, қалалық жерде 200 мыңға бір-ақ барады. Ал Қытайдың өзінде бұл мүйіз 4 мың долларға бір-ақ секіреді. Осы бағалар ғой, браконьер біткенді күндіз - күлкіден, түнде - ұйқыдан айыра-тұғын. Міне, жарнамасы осылай жарып тұр. Қаладағы қазақ қырда қаңғырып жүр осының салдарынан. Біз де ізінен түсіп көрейік. Міне, осы жарнамалық қағаз Қарағанды облысы Теңіз көлінің түбінен шығарды. Міне, дәл осы ен далада киіктің Теңіз-Бетпақдала популяциясы осында мекен етеді. Осыны білген Жезқазған, Қарағанды, Астана қаласының браконьерлер осы даланы көп торуылдайтыны бар.
Бұл аймақ - Бетпақдаланың бір пұшпағы. Киіктің баласы - құралайды көргің келсе, осында кел. Қазақтың басқа жерінен пана таппаған жарықтық жануар Теңіз көлінің сортаң батпағын баяғыдан жайлап келеді. Тағы тіршілік перзентін табиғаттың өзі қорғап тұр бүгінде. Соңына қуғын түссе тура Теңізге қарай тартады. Себебі, сор батпақ көліктің қозғалысына кедергі. Салпаңқұлақ аңшы еріксіз тізгін тежейді. Соның арқасында бөкендер жан сақтап отыр.
Жанат Таңсықбаев, «Охотзоомпром» кәсіпорнының директоры:
Тұрған жеріміз Қарағанды облысы, Нұра ауданы деген жер. Осы маңайда Теңіздің бойында 15 мыңдай киік жиналған. Осы жерді вахталық тәсілмен қорғап жүрміз.
«Құралайды көзге атқан мерген» деп мақтаймыз біреулерді. Бірақ олардың шын аты - қанқұмар аңшы. Орысша - браконьер. Даланың аңын қорасындағы малындай қыруға құмар. Олар үшін бөкен - жаны бар жануар емес, басына ақша байлаған безгелдек қана. Топырлатып атады, мүйіздерін құйқа төбеден шабады да кетеді.
Браконьердің браконьер екені шекесінде жазылып тұрмайды. Олардың барлығы бір қарағанда заңға бағынғыш азамат. Кейбіреуінің кербезденіп сөйлеп, инспектордың өзін тергеуге алады. Мысалы, мына кісілер әуелгіде доқ көрсетпек. «Қорықшы сендер емес, бізбіз» деп. Құжаттары да бар екен. Кейін білдік, жалған екен.
Жалған инспекторлардың ісі әшкереленді. Қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер әкетті. Жазаға тартылар, бірақ бетбақ даланың бейшара жануарының жарасын кім жазар? Олар атқан кербез киіктің бірі, мінекей, сылтып басып, сүйретіліп барады. Қара саннан жаралапты. Мұндай жағдай жиі кездеседі дейді инспекторлар. Кейде шенді-шекпенділермен шекісіп қалатын кездері де болады инспекторлардың.
Ерлан Нысанбаев, ҚР АШМ Орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы:
Жаңа жылдың алдында, 30 желтоқсанда болған оқиға. Қызылорда облысында 6 браконьер 2 джиппен ұсталды. Соның багажниктерінен 26 бас киік табылды. Ал енді оның 11-і еркегі. Мүйізімен. Осы бір ғана болған фактіні детально айтсақ, бүгінгі күнгі браконьерлердің ештеңеден қорықпайтыны білінді. Екіншіден, оларды ұстаған кезде олар қатты қарсылық көрсетеді. Бірақ біздің инспекторлар қаруларын тартып алып өз джиптеріне отырғызып, Жалағаш деген ауылға жақындағанда алдарынан 4 мәшинемен 30 кісі шығып, күш көрсетіп, ол 2 джипті, біздің инспекторлардың «Уазында» жатқан қаруларының бәрін тартып алып кетеді.
Ақбөкен атқан қарақшылардың арасында тәртіп сақшылары да бар екен. Біреуі Қызылорда облысы, Жалағаш аудандық Ішкі істер бөлімі бастығының бұрынғы орынбасары болып шықты.
Шархан Биқожаев, Қызылорда облыстық ІІД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы:
Ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкерлері деп ұсталған сезіктілерге ешқандай жеңілдік қаралмайды. Оларға заң шеңберінде қатаң түрде жаза қолданылатын болады.
Дәуде болса, мүйізді шетке асыруға көмек беретіндер дәл осындай дөкейлер болса керек. Әйтпесе, осы уақытқа дейін шекарадан мүйізбен ұсталғанның болмауы деген не сөз? Бірақ «көп асқанға - бір тосқан». Ресейге өткізе алмай, бергі бетке пұлдаймын деген пейілмен 171 дана киік мүйізін арқалап жүрген екі азамат тұтылды. Бұл тарихтағы бірінші оқиға.
Гүлназира Мұхтарова, ІІД Баспасөз қызметінің жетекшісі:
171 дана киік мүйіздерін өткізбек болған Алматы облысының екі тұрғынының айтуынша, олар тауарды Ресейдің Астрахань қаласынан белгісіз адамдардан алып, Шымкент қаласында сатпақшы болған. Қазір олар қолхат арқылы жіберіліп, тергеу амалдары жүргізіліуде.
Бұрын бөкен атқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын. Айыппұл төлеп құтылатын. Бүгінде заң қатайтылды. Қорықшының қолына мықты мылтық, астына күшті көлік берілді. Әккі аңшылар айылын жимай отыр. Атып жатыр, қырып жатыр.
Миллион еді мыңғырған, мүйізіне бола 20 мыңға дейін түсіріппіз. Сақтап қалсақ жарады. Сондықтан киікті атпа, қазақтығыңды сақта.
Нұрбек БЕКБАУ
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.










Көшіру | pdf
