01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

 

Қазіргі ғылыми-танымдық оқулықтарда: сайлау-сайланбалы мемлекеттік лауазымдарға адам таңдау науқаны. Азаматтардың саясат пен мемлекеттік басқаруға атсалысуының ең көлемді әрі нақты нысаны болып табылады деп жазылған. Адамзат баласы саналы ғұмыр кеше бастағалы бұл үрдіс жалғасып келеді. Президент сайлауы, мәжіліс сайлауы, жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау... Соңғысы жақында ғана Парламент Мәжілісіне депутаттар сайладық. Сеніп дауыс бердік, көңіл сенген партияға. Халық даусына ие болу үшін партиялар түрлі шара өткізді. Тегінде, сайлауға дейін де, кейін де әр алуан пікір айтылған, айтылады да.  Сонау  20 ғасырдың басында сайлау туралы алаш арыстарының мақалалары соның дәлелі. Ұлтымыздың ұраны іспеттес «Қазақ» газетінде жарияланған сайлау туралы сол заманғы ой-пікірді назарыңызға ұсындық. Оқыңыз, ой түйіңіз, ағайын!
 
Сайлау
 
Үш жылда бір сайлау сайын жұрт өрт шыққандай, жау шапқандай жанталасып әбігер болады. Әке баладан, аға ініден, туған-туысқаннан айырылып, бірі атқа, бірі асқа сатылып сандалады. Өстіп жұрт бүлініп іздегендегісі не? Болыстық, билік, ауылнайлық, елубасылық. Біздің қазаққа шығарған степное һәм Түркестанское положение жобасы орыс мұжығына шығарған законнан алынған, мұжық сайлауы закон бойынша дәл біздің қазақтың сайлауындай. Закон бір болғанмен, сайлау жүріп-тұрысы бір емес. Мұжық сайлауы мен қазақ сайлауының арасы жер мен көк арасындай. Закон бір болғанмен екі жұрттың: қазақ пен мұжықтың ғұмыры, жүріс-тұрысы, терінің оң жақ, теріс жағындай екі түрлі. Орыс мұжығының мінезінде маңдайы терлемей, табан ауырмай, қол дүмбімей, мал табылмайды. Мұжық  білуінше, жұмыс қыла білмеген кісі адам емес, сабан-тас ұстай білмеген адам ер есебінде емес. Зөуде жұмыс істей білмеген кісі болса мұны қыздар ер есебіне алып, күйеу деп тимейді. Мұжық білуінше, жұмыстан басқа мал табатын мал жоқ. Болыс, би, ауылнай һәм елу басы болмақ, патшалық салған ауыр бір міндет, жұрт үшін қылатын қызмет. Болыс, би, ауылнай һәм елу басы болған кісінің өз шаруасына патшалық салған қызметтен келер түк пайда жоқ, мұжық ішінде болыс, ауылнай һәм елубасы болған шылғи залал. Мұжық таласпас түгіл патшалық салған қызметтен қашады. Неше мұжық болысында болыс, ауылнай, би амалсыздан кезекпен болды, бұл кезектен де қашса, орнына біреуді жалдап қояды.
 
Адам баласы өзге хайуаннан айрылғанда ақылды болып, қолы шебер болып айырылады. Байлық түбі – ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды.
 
Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниядағы жер билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады. Еуропада ұлық патша атанған жұрт халықтың ақылды ұсталығына сүйеніп, ұлық патша болып отыр. Біздің қазақ жерін мұжық алғанда мұжық табан ет, маңдай теріне сүйеніп алып отыр. Бұрын қазақ «Аһау, үһеу» деп неше мың жыл босқа өзінен-өзі өсіп-өнетін мал айдап, көшіп жүрген жерден мұжық келе сала қазына суырып алып, байып отыр. Күні-түні қызметке жанын жалдағанның рахатын көріп отыр.
 
Самара, Уфа һәм Орынбор губерналарында ер басына башқұртқа аз болса отыз десятина қара топырақ жер келеді. Осы өз жерін өзі қызмет қылып ұстамай, башқұрт мұжыққа жалдап отыр. Бұл жерін жалдап алған ақшасын құнжын қылған, күні бұрын неше деп сом орнына жиырма-отыз тиын алып, бітіп қойған яки құлқынына салып қойған. Сөйтіп, башқұрт жері законда башқұрттық, өміріне қарасақ, айдасы қызмет қылған, қылмен, ұсталықпен жер алған мұжық қолында. Бұл жоғарғы айтылған үш губерниядағы башқұрттың нашарлығы қаламға сыймайды. Башқұрт қаласында жат кісі кіргендей екі-ақ үй болады, бірі молланікі, бірі саудагердікі. Башқұрттың сиыр орнына сауып отырғаны ешкі, ат мініп жүргені – құйрығы шолақ, бас-арқасы жауыр бір көлеңке тулақ. Қазақтың төлеуге, қалың малға, жағасыз шапан, азусыз ат деп айыпқа беретін тұғыры. Башқұрттан жалдап жер алып, қызметіне жалданған мұжық қаласы – көк шатырлы үй, сауғаны сиыр, жеккені арғымақ.
 
Қазақ осы башқұрт ағайындай өз жерін құнттай ұстап, қызмет қыла білмесе, онда қазақ тұра ала ма? Жер қызмет иесі мұжық пайдасында болмай ма?
 
Өз жеріне өзі қызмет қылмай, іске жаратпай, жер закон арқылы менікі деген башқұрт пен қазақ, атадан қалған көп қазынаны басқан жаман бала сапарында емес пе? Бұл ақымақ сорлы қайда баратыны көрі-жасқа мағлұм емес пе?
 
Бұл тіршілік – үлкен талас, бір бәйге жүйрік алады, шабан қалады. Жүйріктік ақыл, ұсталық, жаһитшілікте. Еріншек өзге мол, бәйге, сыбаға, мүше жоқ. Мал бағып, малының артынан еріп көкен қазақ сияқты халық байлық, қазына мал кіндігінде деп біледі. Қазынаға қуат беретін адам ақылды, адам қолы, адам жаһиты екенін білмейді. Біздің қазақша өз аяғынан өсіп-өнген малды айдап жүрген елге адам ақылды, адам ұсталығы, адам жаһиты көрінбейді.
 
Біздің қазақ шаруасының жолында жүргенде мал өзінен-өзі босқа табылатын болып көрінеді. Мың қойды бір-екі қойшы бағады, бай тыңқиып үйде жатады. Қыс жұт болмаса, жаз тышқақ, қотыр, топалаң келмесе, мұның ең азында үш жүзі қоздайды. Бұл ақылға салып қарасаң, қошқарға сыйынған болады-ау. Бүйтіп тамақ, ұйқы, жалқаулық үшеуін қатар мінген жұрттың ақсақалының олжасы – «азусыз ат, жағасыз шапан» деп бишаралардан айыпқа алған арық тай, алты көз ләңке, жастарының олжасы – түн жамылып жетелеген тоқтысы, асы иә, сиыры, болыс, би, ауылнайларының олжасы – момынна ауыстырып алған он-он бес тиын, бәрінің айтқаны өтірік. Өтіріксіз, ұрлықсыз бұл сорлылардың арам жемі табылмайды. Қазақтың болыс, би, ауылнай һәм елу басыларының айтып жүрген өтірігі, қылып жүрген ұрлығы нашар бақалды бір уыс жүнге сатып жүрген оймақ-бояу; қанша далап жақса да, әуелде жаратылған өз орнына кетеді.
 
 
Бұрынғы кеңшілікте қазақ қошқарға сыйынып та күнелтті, өтірікші, өсекші, құдай қарғағанды да болыс, би, ауылнай һәм елубасы қойды. О заман енді өтті. Жаңа заман ақыл, ұсталық, жаһитшілік күтеді. Қазақ жері тарылды, қазынаны күшті жалдап іздемегенге бәйге мүше жоқ. Болыс, би һәм елубасы болып мал табам деген қулардың заманына кейін қалды. Болыс, би, ауылнай, һәм елубасы – патшалық алымша салған жұрт қызметші, жұрт жалшысы. Жылқышы, қойшы, жалдағанда, мынау жылқы, мынау қой баға біледі деп жалдай ма? Болыс, би, ауылнай һәм елубасыларды әрқайсысын өз орнында халыққа пайдалы деп сайлау керек.
 
Жұрт ғаділ би пайдалы, көпке сүйенген, көп көзін тыңдаған, билігін орнына қорықпай салатын, арам жемейтін, іс білетін, халық үшін жаумен айтысатын болыс пайдалы. «Ауылнай – тозақы». Бұл ауылнайларға шаншардың қойған аты «тозақта мұнан артық бұған не жаза болар, қолында не бар» деп. Ауылнайлыққа хат білетін, жол көрген жасты сайлау керек. Елбасылық – пара алып, ант ішіп, бо... жемесе бір құрметті орын: болыс, би қандай адам болуы осының қолында. Бұған ең құрметті ақсақал, ғаділ, жұрт-қамшыл, сатылмайтын, жөн білетін жақсыны сайлау керек.
 
Өстіп, қазақ жұрт қызметшілерін түзетпесең, жұрт болып шаруаға айналып жарыспасаң, мұжыққа жер закон арқылы емес, тіршілік жарысы арқылы кетеді. Оралдағы башқұрт ағаңша жерді мұжыққа тиын-сыйынға қызығып жалдап қойып, ақырында сол мұжықтың сиырын бағасың. Бұ күнгі болыс, би, ауылнай, һәм елу басы ескі тондағы бит қой. Шаруа қылсаң жаз шығады, халық пайдасын қуған аға-іні болсаң, ескі тонды сілкіп-сілкіп суға сал!
 
Қыр баласы
(«Қазақ» газетінен алынды)
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.