Бөлімдегі өзге де бейнематериалдар:
Орал қаласының тұрғыны Хайролла Исмағұлов - техниканың тілін білетін жан. Ойлап тапқан ондаған жаңалығына авторлық куәлік алып үлгеріпті. Соңғы жасағаны - жылжымалы қасапхана. Осы тектес шетелдік өнімдерден айырмашылығы - екі есе арзан, әрі халал сояды.
Хайролла Исмағұлов, өнертапқыш:
Германияда, Ресейде бәрінде қасапханаларда малды алып ұрып тұншықтырып, токпен соғып өлтіреді. Біздікі малды түгел көтеріп алып, сосын тележканың үстіне салып, мұсылманша бауыздап өңдейміз.
Бір ауысымда 25 сиырды соятын қондырғының барлық құралы бір тіркемеге сыйып кетеді. Жұмыс механикаландырылған жабдықтарға жүктелген. Қасапхана ішінде ішек-қарын тазалау, қаннан шұжық жасау құралдары дербес электр станциясы арқылы істей береді.
Хайролла Исмағұлов, өнертапқыш:
Қанын бір бөлек шприц арқылы шұжық қылып шығарып береді, ал ішіндегі құрылысын жуып-тазалап, қиын тыңайтқыш қосып, жерге тыңайтқыш ретінде қапқа салып береді.
Өнертапқыш бүгінде өз жаңалығын заңдастырып, қасапхананың бірін Серебряков ауылына қойыпты. Енді екеуі тапсырыс бойынша жасалуда. Тиісті орындар жылжымалы қасапхана жұмысы мемлекеттік мал дәрігерлерінің бақылауында болғанда ғана жемісті болады деп отыр.
Фарух Мұқанов, ҚР АШМ ветеринариялық бақылау комитеті БҚО аумақтық инспекциясының бөлім бастығы:
Сол елді мекендердегі ауылдық округ әкімдігінің ветеринария саласы жөніндегі мамандары, сол жерлердегі аудандық, ауылдық округтердегі ветеринариялық, санитарлық инспекторлардың тексеруімен оны жүзеге асыруға болады.
Сауда сөресіне шығатын малды сою ережесі туралы 2009 жылғы Үкімет қаулысына сәйкес содан бері облыста 140 мал сою алаңы жасақталған екен. Олардың қатарына енді өнертапқыш Хайролла Исмағұловтың жылжымалы қасапханалары да қосылмақ.
Ерденбек ЖЫЛҚАЙДАРҰЛЫ
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.





Көшіру | pdf
