01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

Елбасы Жолдауында айқындаған жұмыспен қамту мәселесі ауыл тұрғындарына мол мүмкіндіктер тудырмақ. Ақмола облысындағы жұмыссыздардың 70 пайызын ауыл адамдары құраса, олардың 82 пайызында жоғары білім жоқ. Жолдаудың басты бағыты - жұмыссыз жүргендерді белгілі бір мамандыққа оқытып, жұмысқа тарту, еңбекке икемдеу. Оның шарапаты жоқ емес. Еңбекшілдер ауданындағы Аңғал батыр ауылының тұрғыны Нұргүл Көпенова қайта даярлау курсын тегін оқып, туған жерінде шаштараз қызметін ашты.
 
Биылғы Жолдау Аңғал батыр ауылының тұрғыны Нұргүл Көпенованың  еңсесін көтерді. 15 жыл жұмыссыз үйде отырған ол енді жеке кәсіпкер. Кәсіп қыламын дегенге жол ашық екенін түсінген Нұргүл «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында тегін оқып, мамандық алды. Ынта болса, қиын іс бар ма! Ауылға келіп кәсібін бастаған шаштараздың қызметі көпшілікті қуантып отыр.
 
Балым Амантайқызы, Аңғал батыр ауылының тұрғыны:
Біз, әйел адам, әдемілікті қалаймыз ғой. Шаш бастыру, шаш қиғызу үшін біз 80-90 шақырым жердегі аудан орталығына баратынбыз. Қазір енді ауылымызда Нұргүл атты сіңіліміз шаштараз ашып, міне,  осы сіңілімізге келіп отырамыз.
 
Нұргүл шашты әр адамның жүзіне ыңғайлап, келістіріп қияды. Әйелдерге әдемі шаш үлгісін жасайды. Рас, бастапқыда оның қызметіне ауыл тұрғындары секеммен қарапты. Кім біледі, тәжірибесіз біреу болса, артық қыламын деп тыртық қылуы мүмкін ғой. Ал бүгінде маманға әбден сенім артқан тұрғындар алдын ала жазылатын болған. Қолы қимылдаған адамға - кедейлік жат. Қазір Нұргүлдің бір айлық табысы 30 мың теңге. Патент арқылы салығын уақытылы төлеп отыр.   
 
Нұргүл Көпенова, жеке кәсіпкер:
ҚР Президентінің Жолдауы маған тегін оқуға мүмкіндік берді. 12 мың теңгенің үстінде шәкіртақы алып тұрдым. Баспана мен қоғамдық көлікке жұмсалған қаржыны да мемелекет көтерді. Шаштараз бөлмесіне жергілікті әкімдік қарайласты. Жиһаздарды да тегін жеткізді. Тіпті, қайшы мен тарақтың өзін мемлекет тарту етті. Қазір алаңсыз жұмыс істеп жатырмын. Көңілім шат, қуанышымда шек жоқ.
 
Нұргүл екі баланың анасы. Жары Қайрат алысқа қатынап жұмыс істейді. Яғни, үйдің бар шаруасы өзінің мойнында. Әке-шешесіне де қамқоршы. Қолы босаса, іс тігуді ұнатады. Анасы Мәриямен құрақ құрап, көрпе-жастық құрайды. Тігін машинаның тілін меңгеріп алған.
 
Амангелді Бегахметов, әкесі:
Биылғы Елбасымыздың Жолдауына өте қуаныштымын. Әсіресе, жастарды жұмысқа тартып, жұмыс орындарын ашып беріп жатқандарына. Міне, қызым Нұргүл бір ай тегін оқып, өз кәсібін ашты. Мен өте қуаныштымын, осылай ауылды көтеріп, жастарға жұмыс тауып беріп, орналастырып жатқандарына.
 
Жұмысы жемістінің - өмірі келісті. Еңбекпен шираған Нұргүл жоспарсыз да емес. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізсе, кәсібін кеңейтпек ойы бар. Демек, Аңғал батыр ауылындағы шаштараз алдағы уақытта сән салонына айналса таң қалмаңыз. Біз мұны сүйініштен айтып отырмыз.
 
Жанат ЖАНҰЗАҚ
 
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.