01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

 

 

Қазақстан Тәуелсіздік алғалы білім саласына баса назар аударылып келеді. Былтырдан бері Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде магистранттарға шет елдік университеттерде тәжірибе шыңдауға мүмкіндік туды. 15 күнге созылатын курстың барлық шығынын университет мойнына алған.

 

 

 

Биыл да университет осы үрдістен жаңылмай, магистранттарды шет елге білім жетілдіруге жіберді. Атап айтқанда, Экономика және бизнес жоғары мектебінің магистранттары Германияның Генрих Гейне атындағы Дюссельдорф университетінде болып қайтты.

 

Магистранттар мұнда профессор О.Платцектің «Басқару психологиясы», «Білім беру ұйымдарындағы басқару» және профессор Д.Хайнекеннің басқару қабілетін жетілдіруші «Мотиватор» бағдарламасының курстарын өтті.

 

«Білім  жетілдіру үшін міндетті түрде шетелге шығу керек пе, неге барлығын ғаламтордан немесе кітаптардан біліп алмасқа деген ой пайда болуы мүмкін. Бірақ жағдайды өз көзімізбен көру және оқиғалардың ортасында болу біздің ой-өрісіміздің кеңеюіне және шет тілімізді біршама жетілдіріп алуға көмектесті»,- дейді магистрант Мөлдір Тәжібекова.

 

Дюссельдорф университеті 1965 жылы медицина институтының негізінде ашылған. Бүгінгі таңда мұнда түрлі салада білім беретін 5 факультетте 18 000-ге жуық студент білім алады.  

 

«Биылғы Жолдаудың басым бағыттарының бірі-білім саласын жетілдіру. Жолдау жүктеген міндеттер  қазірден жүзеге асуда. Біздің сапарымыз соның айғағы» дейді магистранттар.

 

 

                                                                                               Гүлсаян ЫБЫРАЙ


*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.