Бүгін Алматыдағы саяси шешімдер институтында мәдени-танымдық «Екпін» атты онлайн-журналының таныстырылымы өтті.
«Екпін»- өнер мен шығармашылықты өмірінің бөлінбес бөлшегіне айналдырған жастар жайында сөз етеді. Бұл жобада жастардың жетістіктері, өмірлік ұстанымдары, көзқарасы айқындалады. Онлайн-журналда сұхбаттармен қоса, журнал тілшілері Алматының мәдени шараларынан қалыс қалмай, үнемі фото-материалдар жасап, түрлі мамандық иелерімен танысып, Kaznette жарияланбаған өнер, тарих, әдебиетке қатысты қызықты материалдарды ұсынып отырады. Сайтта апта сайын жаңаланып тұратын арнайы тақырыптық шолулар да бар.
«Yvision.kz осы біздің жобамызға қолдау білдірді. Қазақ тілінде жарық көріп отырған журнал алдағы уақытта оқырманын жақсы жаңалықтарымен қуантады. Қаламызда болып жатқан мәдени іс-шаралардан қалыс қалмауға тырысамыз. Бүгінде сайтымызда отызға жуық материал бар. Біздің негізгі көздеген мақсатымыз – жастар өмірінен репортажтар беріп, қоғамның көшбасшысы саналатын өскелең ұрпақтар өміріне екпін беру»,- дейді жоба авторы Әлия Сембай.
Шараға Yvision.kz блог-тұғырнамасының коммерциялық директоры Бекежан Кембаев, белгілі тележурналист – Амангелді Сейітхан, «Мега» СОСО PR бөлімінің басшысы - Әлішер Елікбаев қатысты.



Көшіру | pdf
