Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих, археология және этнология факультетінің «Мұратану» студенттер клубында Ахмет Байтұрсынов атындағы «Тұлғатану» орталығының ғылыми қызметкерлерінің тарихи-танымдық дәрісі өтті.
Онда тарихшы Ордалы Қоңыратбаевтың «Мені таңқалдырған тұлғалар», «Мұсылман бюросы егемендік идеясының жаршысы» және ҚазҰПУ А.Байтұрсынов атындағы Алаш зиялыларының ғылыми-педагогикалық мұрасын зерттеу орталығы шығарған қазақ және орыс тіліндегі (бұған дейін еш жерде жарияланбаған құжаттар мен деректер негізінде жасалған) «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» атты кітаптарының тұсаукесері болды. Кездесуге доценттер Дана Мұхатова, Мамытбек Қалдыбай және т.б. оқытушы-ғалымдар қатысып, студенттерге берері мол өз түйгендерімен бөлісті.
Кездесу барысында Ордалы Қоңыратбаев: «Біз «Мені таңқалдырған тұлғалар» атты кітапта университетке қандай бір қатысы бар тұлғаларды алдық. Соның алғашқысы - қазақтың маңдайалды ғалымы А.Байтұрсынов, екіншісі - Санжар Асфендияров, үшіншісі - Тұрар Рысқұлов. Үшеуі де ірі тұлға. Үшеуі үш түрлі. Бірақ, бұлардың барлығын біріктірген бір-ақ нәрсе – ұлтжандылығы. Мақсатымыз сол – осы тұлғалардың ұлтжандылығын, өрлігін жастарға сіңіру» деп атап өтті.
Осынау игі шараны ұйымдастырушылар - клуб жетекшісі Г.Сәбденова, кітапханашылар мен тарихшы, мұрағатшы студенттер.
Айсұлу МАМАНҚЫЗЫ



Көшіру | pdf
