Бөлімдегі өзге де бейнематериалдар:
Бұл күйбеңі бітпейтін ауылдың күйкі тірлігі. Таң атқаннан кеш батқанға дейін. Бірақ қаршадайынан көргені осы болғасын ба, мұны өмірдің мәніне балайды. «Жаныма жан, малыма мал қосылды екен» дейді олар. Сондықтан, мемлекет берген мүмкіндікті пайдалануға тырысады.
Альмира Темірболатова, ауыл тұрғыны:
Бұның бәріне жұмыссыздық әсер етті. Сосын, Елбасымыздың жарлығы бойынша «2020» бағдарламасы туралы естігесін барып оқыдым. Енді міне, несие алып, мал сатып алдық. Көп балалы анамын. Ауыл адамдары кедейліктен арылсын деген Елбасымызға алғысымды айтамын. Міне, көктем келіп қалды. Төлін көреміз, жағдайымыз бұдан да жақсаратынына сенімдімін.
Альмира Олжабайқызының негізгі мамандығы қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Жолдасы көлік жүргізушісі. Бірақ соңғы жылдары ауылдағы шаруашылықтардан береке кеткесін қора-қопсыны кеңейтуді жөн көрген. Өйтпесе, тағы болмайды. Бес баланың төртеуі қалада оқиды. Әрі өздерінің де көштен қалғысы келмейді.
Александр Скрипник, ауыл әкімі:
Қазір ауылда 5 отбасы осындай несие алуға ниет білдіріп отыр. Адам құлық танытса, қолынан келмейтіні жоқ. Ал Темірболатовтар отбасы жерлестеріне үлгі боларлық. Өйткені, көшіп келгендеріне көп болмаса да, жұмыстарын дөңгелетіп, еңбектенуде.
Қазір отбасында жеті ірі қара, отызға тарта қой, үш жылқы бар. Олардың бүгінгі мақсаты барынша мал басын көбейту. Өйткені, пайданың осы салада жатқанына көзі жеткен.
Зылиха Сейітова, Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім бастығы:
Былтыр осы бағдарлама аясында солтүстікқазақстандық 104 отбасыға 200 миллион теңге несие берілді. Қаржыны негізінен ауыл шаруашылығын дамыту үшін алып жатыр.
Енді малға ие болып отырған әулеттің кенжесі Олжас. Ауылдың малсақ баласы ойын қумай, әке шешесіне көмектескенді жөн санайды. Өйткені, бұл отбасының басты қағидаты ерінбей еңбек ету. Бұл ата өсиеті, әке аманаты.
С.СӘБИТҰЛЫ
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.













Көшіру | pdf
