01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

 

Шығыс Қазақстанның шалғай аудандары жас мамандармен толығуда. Бұл - «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясында атқарылған жұмыстың нәтижесі. Туған аулыма пайдам тисін деген жастар көп бүгінде. Жергілікті биліктің оларға ақжол ашып, жағдай жасауы – өңірдегі кадр тапшылығын шешудің бірден бір жолы. Ал еңбек жолын ауылдан бастаған жас маман үшін бұл тәжірибе жинап, жоғары деңгейлі маман болудағы бірінші баспалдақ.

Дулат Ғабдулов - «Дипломмен ауылға» келген жас маман. Бүгінде Ақсуат ауылындағы ауруханада хирург. Оның еңбегін әріптестері және ауыл тұрғындары жоғары бағалап отыр. Дулаттың «Жылдың үздік жас дәрігері» дипломымен марапаталуы осының дәлелі.

Мұрат Оралов, Ақсуат ауылының тұрғыны:
Келгенде қатты ауырып келгем. Осылардың кішіпейілдігі мен емдері ауруды жұлып алғандай болды. Жалғыз маған жасап жатқан жоқ, халықтың бәріне, үлкеніне де, кішісіне де жағдай жасағандықтан бәрі риза болып кетіп жатыр.

Соңғы 3 жылда бұл ауруханаға 8 жас маман келген. Барлығына біржолғы көтерме жәрдемақы берілді. Бірқатары үй алды. Яғни, жас маманның алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалып отыр. Жалпы, еңбек жолын ауылдан бастаған адамның болашағы жарқын  дейді аға буын дәрігерлер.

Дәулет Итбаев, Тарбағатай аудандық медициналық бірлестіктің директоры:
Жоғары жаққа барып үлкен ауруханаларѓа барып жұмыс істеймін десе, олар емін еркін істеп кетеді. Өйткені, алғашқы көмекті олар осы жерден көреді, мына жерде жеке жұмыс істейді. Барлық жауапкершілікті өзіне алып жұмыс жасайды да, шеберлігін арттырады. Кәсіптік деңгейін көтеруге осы жерден көп пайдасы болады деп ойлаймын.

Дулат Ғабдуловтың зайыбы да осы сала қызметкері. Ол - гинекология бөлімінің маманы. Жас отбасыға үй бірінші кезекте берілген. Бұл дәрігерлер енді алаңсыз тек халық игілігіне жұмыс істемек.

Дулат Ғабдулов, жас маман:
Қолымнан келгенше бар күшімді салып, аянбай,ант қабылдағандықтан, дәрігерлік жұмысымды абыроймен атқаруым парыз.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының арқасында Тарбағатай ауданы бүгінде дәрігерлермен толықты. Ендігі кезек – жас ұстаздар мәселесін шешу.

Сләмбек Әзімханов, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары:
Нақтылы ғылыммен сабақ беретін математика, физика бойынша жетіспейді. Біз облыс әкімінің грантымен өзіміздің ауылдың балаларын жіберіп, оқытып, кейінге қайта қайтарып, орналастыруға жұмыс жасап жатырмыз.

Бүгінде ауылдарға дәрігер мен мұғалімнен басқа да мамандар қажет. Ауыл шаруашылығының білікті қызметкерлеріне сұраныс артып келеді. Бұл қазақтың қазығы болған ауылдың жағдайы жақсарғанының айқын көрінісі дейді ауыл жұртшылығы.

Берік КӨШЕРБАЕВ
 

 
 
 

*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.