Бөлімдегі өзге де бейнематериалдар:
«Спорт ардагерлеріне мың тағзым!» Бүгін осындай атаумен Алматының спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатында кездесу өтті. Оған оқу мекемесінің шәкірттері мен еліміз атын төрткүл дүниеге танытып, мерейін өсірген Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ыбырайымов және Юрий Мельниченко сынды Әлем чемпиондары мен ардагер жаттықтырушылар қатысты. Тағылымды шарада аға буын өкілдері жас жеткіншектерге спорттағы естеліктерін айтып, атлетке ең қажет қасиеттер - еңбекқорлық, отансүйгіштік, намыс, жігер турасында еркін ой бөлісті. Жалпы, бұл мектеп-интернат осыдан 3 жыл бұрын Қазақстан құрамасын резервтермен толықтыру мақсатында ашылған. Сонан бері спорттың 10 түрінен жаңа буын тәрбиеленуде. Балалар түрлі Әлем, Азия чемпионаттарынан толағай табыспен оралуда. Мәселен, 2010-2011 жылдары олар 377 медальға қол жеткізді. «Ал бүгінгі кездесу жас спортшыларды мұнан да көп жеңістерге жетелейді» дейді қатысушылар.