01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

Мәскеуліктер ең соңғы секундта «корольдік клубпен» таразы басын теңестірді. Осылайша, Ресейдің «ЦСКА-сы» Испанияның «Реал Мадрид» командасымен Лужники стадионында 1-1 есебімен тарқасты. Чемпиондар Лигасы 1/8 финалының алғашқы ойынында бапкер Жозе Моуриньо шабуыл шебіне Бензема, Роналду және Озил үштігін шығарды. Алайда айып соққысында сіңірін созып алған французды Игуаин алмастырды. Реал жұлдыздары ағайынды Березуцкийлер күзеткен қорғанысқа дамыл бермеді. Чепчугов иелігі матчтың 28-ші минутында сыр берді. Криштиану Роналдудың сол аяқпен тепкен теңбілі қақпаның төменгі бұрышына сүңгіді. Одан соң Леонид Слуцкий шәкірттері ойынды алаңның ортасына ойыстырды. Алма-кезек шабуылдарға артқы шеп төтеп берді. Тек кездесудің негізгі уақытына қосылған 3 минуттың ең соңғы секундында Понтус Вернблум 8 метрлік қашықтықтан таблодағы есепті теңестірді. Енді қарымта ойын наурыздың 14-де Мадридте өтеді деп жоспарланды.
*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.