01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар


Бүгінде Жаңаөзен қаласы бәз-баяғы тіршілігіне оралды. Әрбір тұрғын күнделікті шаруасына кіріскен. Сауда сөрелері ашылып, жұрт базарлатып жүр. Президенттің Жолдауы да жаңаөзендіктерді демеп, дем беріп, қанаттандыра түсті. Алдағы күнге сеніммен қарайды халық. Қазір бұл қалаға мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. 

Жаңаөзен қаласының барлық коммуналдық қызметі қарқынды жұмыс істеп тұр. Қазір қалаға жауған қалың қарды арнайы көліктер күні-түні тазартып жатыр. Жұмыс бір сәтке де тоқтамайды. Шағын шаһар сыртындағы елді мекендерге де арнайы көліктер мен техника жіберіліп, қар басқан жолдар қалпына келтірілуде.

Әбубәкір Жалғасбаев, Жаңаөзен қаласындағы «Тазалық» МКҚ директорының көлік жөніндегі орынбасары:
Қала сыртында да, біздің мына Қызылсай елді мекенінде жолдарын, сосын барған жерде көшелерін жүріп өттік. Себебі, су тасымалы, сосын әр түрлі көліктер, жеңіл көліктер бара алмай жатты. Сосын мына Теңге елді мекені, оған да үлкен көшелерін тазалық жұмыстарын жүргіздік. 

Жаңаөзендегі жағдайдың жақсарғанын жұрт көріп отыр. Әрине, бұған Елбасы себепкер. Сондықтан да халықты Жолдауды назарда ұстайды. Әсіресе, мемлекет басшысының шағын қалаларды дамытып, әлеуметтік саланы көтеру туралы тапсырмасына тұрғындар дән риза. Қазір Жаңаөзенде барлық дүкендер, банктер мен қонақүйлер толық жұмыс істеп тұр. 

Халық пікірі:
Қазір Өзен қаласы тәртіпке түсті. Жағдайы жақсы халықтың. Төтенше жағдайды алып тастады. Кешегі Президенттің Жолдауын тыңдадық. Бәрі мақұлдап жатыр, жақсы әңгімелер айтып жатыр. Жаңаөзенді жаңартамыз деп жаңалықтарда айтып қуанып жатырмыз соған. Халықтың жағдайы жақсы.

Тыныштық еліміз. Сау болсын, бәрі де қолдап жатыр. Кешегі Жолдауды теледидардан естідік. Дүкендерге барып саудалар жасап тұрмыз. Жағдайымыз жақсы.

Тыныштықты байлық пен бақуатты болайықтан бұрын тілейтін халықтың өкіліміз. Сондықтан ел - аман, бүгініміз, болашағымыз - бейбіт болсын. Бұл жаңаөзендіктердің тілегі. Тілеулеспіз біздер де.

Нұрбек БЕКБАУ


 

*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.