01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

 

 

 

Ұлттың мүддесіне жанашыр ұлттық арна Жаңаөзеннен арнайы хабарларын әрі қарай жалғастырады. Қалыпты жағдайға түскен қалада біздің түсіру тобымыз әлі де жұмыс істеп жатыр. Қалың ел құптаған биылғы жолдау Жаңаөзендіктер тарапынан да қызу қолдау тапты дейді тілшілеріміз. Әсіресе шаһар тұрғындары маңызды құжатта шағын қалаларға баса мән беріліп, мемлекет тарапынан көмек көрсетілендігі жөніндегі тың бастама қуантып отыр.

Елбасы жарлығымен жарияланған Жаңаөзен қаласындағы төтенше жағдай 47-ші күн дегенде тоқтатылды. Шет жақтан келген әскерилер мен полицейлер елдеріне қайтып жатыр. Қазір қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті Ішкі істер басқармасының жеке құрамы бақылап жүр.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында бұл шағын шаһардағы төтенше жағдайды ары қарай создырмау туралы шешім қабылдағанын айтқан болатын. Президенттің шешіміне жергілікті халық қолдау көрсетіп жатыр. Расында, қазір қаладағы қалыпты арнасына түсті. Жаңаөзенде құрылыс қарқын алып, коммуналды қызметтің барлық түрі жұмыс істеуде. Жергілікті әкімшілік ғимаратының сырты толық жөндеуден өтті. 

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауы Жаңаөзен қаласының тұрғындарын бір серпілтіп тастады. Себебі, Елбасы осы Жаңаөзен сынды шағын қалаларды, өңірлерді дамыту туралы мәселе қойып, нақты тапсырмалар берді. «Бұл үшін үкімет арнайы бағдарлама қабылдауы тиіс» деді мемлекет басшысы өз жолдауында.

 Базархан Қанетбаев Елбасының халыққа Жолдауын әр жылда асыға күтеді.  «Бұл жолы да Елбасы өзекті мәселелерді көтеріп, нақты тапсырмалар жүктеді» дейді Базархан аға. Халықтың көңілінен шыққаны - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «өңірлерде зауыттарды көптеп салып, жаңа жұмыс орындарын ашып, әлеуметтік инфрақұрылымды қарқынды дамыту қажет» деген тапсырмасы.

Базархан Қанетбаев, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
Енді әлеуметтік жағдайына көтереміз деп Президент айтып жатыр ғой. Жаңаөзен қаласына көп көңіл бөлінсін, ары қарай дамытсын деп жатыр ғой. Ойлаған армандарымыз орындала берсін.

Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы аясында биыл қалалық аурухананың терапиялық мекемесін, және емхананың құрылыстары басталады. Сондай-ақ биыл, 320 орынға арналған мектепке дейінгі мекемелердің іргетасы қаланады. Жаңаөзендіктер мемлекет көмегіне дән риза.

Қала тұрғыны:
Қаламыз тыныш. Емір еркін жүріп жатырмыз. Әзірше ешкім тексеріп жатқан жоқ.

Қала тұрғыны:
Бүгін төтенше жағдайда алып тастауға байланысты, қаланың іші тыныш. Тексеріс болып жатқан жоқ. Елбасының шешімін қолдаймыз, рахмет айтамыз.

Кеше Жаңаөзен қаласының Ішкі істер басқармасында ауыс-түйіс болды. Төтенше жағдай кезінде қала комендантының орынбасары міндетін атқарған Амангелді Досаханов бұдан былай Ішкі істер басқармасын басқарады. Оның айтуынша шағын шаһар сыртындағы өткізу бекеттері алынып тасталған.

Амангелді Досахан, Жаңаөзен қаласы, қалалық ішкі істер басқармасының бастығы:
Бүгіннен бастап барлық блогпосттар алынды. Басқа мекемелер, мектептер, садиктер, дүкендер барлығы өзінің режимінде жұмыс жасап жатыр.

Жаңаөзенде бірнеше күннен бері қалың қар жатыр. Тұрғындар аулаларын тазартумен әлек. Тіршілік бұрынғы қалпынша жалғасуда.

Бақытжан ОМАРОВ


 

 

 

 

*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.