01 қаңтар
06:00

Тақырып бойынша жаңалықтар

Жаңаөзенде қазір жаңа өмір. Қаланың бұйығы қалыптан арылғаны қашан. Тұрғындар күнделікті кәсіптеріне кірісіп, тұрмыс жалғасып жатыр. Қазір қаладағы жиырмадан астам мекеме жол полицейлерімен бірігіп апта сайын көшедегі қауіпсіздікті бақылауға шығады. Жол ережесін өрескел бұзып, техникалық қауіпсіздікті сақтамайтын жүк көліктерін тәртіпке салу мақсат болып тұр. Қазір осы шараға дайындық қызу жүріп жатыр. Қай мекеме қай уақытта жұмыс істейтіндігін жол полициясындағылар бекітіп, арнайы кесте әзірледі.
 
Жаңаөзен қаласында жұмыс істейтін мекемелердің денінде жол қауіпсіздік қызметі деген бөлім бар. Мақсаты - мекемеге тиесілі көліктер мен техникалардың жол ережесін бұзбауын және техникалық қауіпсіздіктің сақталуын қадағалау. Жаңаөзен қаласында өндіріс орындары көп болғандықтан сәйкесінше жүк көліктері де жетіп артылады. Олардың көбі жолда жалпыға ортақ ережені елей бермейді. Енді жол полициясындағылардың жұмысы жеңілдейді. Себебі, өндіріс мекемелерінің жол қауіпсіздік қызметі олармен бірігіп жұмыс істейді.
 
Аман Күзембаев, жол қауіпсіздігі қызметі бөлімінің инженері:
Жол полициясы тарапынан жасалған график бар. Сол бойынша жұмысқа шығып, өзіміздің мекемемізге қарасты техникалардың жол қауіпсіздігі ережелерін бұзбауын және соларды жібермеудің алдын алу мақсатында осындай рейдтерге шығып, МАИ қызметкерлерімен бірге жұмыс жасап тексеріс жүргіземіз. 

Қалада көлік те өте көп. 24 мыңнан асып жығылады. Ал жол сақшылары аз. Бар-жоғы қырық адам. Оның 10-ы аппаратта жұмыс істесе, 30-ы - батальонда. Енді қазір министрлікте қызметкерлердің санын 57-ге дейін жеткізу мәселесі қарастырылып жатыр. Өндіріс мекемелерінің жол қауіпсіздік қызметіне жәрдемдесуі - жол полицейлеріне әжептәуір қолғабыс.
 
Бердібек Нысанбаев, Маңғыстау облысы жол полициясы басқармасының бастығы:
Өздерінің қолдарымен, өздерінің күштерімен бірге біргелесіп жол оқиғасын болдырмау, алдын алу бойынша негізгі мақсаты дұрыс деп ойлаймын.
 
Болашақта қала сыртында екі көлік өткізу бекеті ашылады. Біреуі Ақтау-Жаңаөзен бағытында орналасса, екіншісі Түркіменстанмен шекаралас аймаққа қойылады. Жалпы, Жаңаөзенде төтенше жағдай доғарылғалы төрт күн өтті. Жергілікті жұртшылық - жайбарақат, қаладағы ахуал - қалыпты арнасында.
 

Бақытжан ОМАРОВ

*Жаңалықтармен бөліскіңіз келсе кері байланыс арқылы хат жазуларыңызға болады.