Атырау облыстық филиалы

1938 жылы Гурьев облысының құрылуынан кейін «Қазақстан-Атырау» облыстық филиалының тарихы басталады. 
 
1938 жылдың 2 наурызында алғаш рет радио хабары эфирге шығады.
 
1957 жылы Еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесі атқару комитеті жанындағы радио комитеті болып қайта құрылады. Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында теледидар хабарының тұсаукесері 1967 жылдың 25 желтоқсанында өтеді. Материалдық-техникалық жағдайы әлсіз болғандықтан Гурьев теледидары 1976 жылдың 31 желтоқсанында жұмысын тоқтатқан.
 
1990 жылдың 23 қыркүйегінен бастап Атырау теледидары (бүгінгі «Қазақстан-Атырау» телеарнасы) эфирге тұрақты түрде шыға бастады. Теледидардың толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ететін алты желілік емес өңдеу жүйелері «Adobe Premiere 6.0», «EDIUS», «Velocity» бағдарламаларымен жұмыс жасайды. Композитті, SVHS және DV-ге арналған шығыс-кірістер бар. Бейне өңдеу кешендерінің әрқайсысы SONY DSR-1500 AP бейнемагнитофондары мен бейне және дыбыс қадағалауға арналған құрылғылармен жабдықталған. Бейнеқор «DVCAM» форматында сақталады. Бұрын бір ғана 190 шаршы метр студия болса, қазір екі студиядан тұрады.
 
Хабар тарату жүйесі де жетілдірілді. Бұрын облыс тұрғындары «Қазақстан» ұлттық арнасы бағдарламасы құрамында аптаның бес күнінде облыстық арнаның бір сағаттық хабар-ошарын көретін болса, енді «Кателко» спутник желісі арқылы тәулігіне 17 сағат хабар көрсететін жеке-дара арна болды. 2010 жылдан бастап аудан орталықтарының барлығында «Қазақстан-Атырау» телеарнасының тілшілер қосыны жұмыс істей бастайды.
 
«Қазақстан-Атырау» телеарнасын әр жылдары Айтқали Нұрғалиев (1987-1995 жылдары, 2000-2008 жылдары), Төлеген Берішбай (1995-1999 жылдары), Жасұлан Көжеков (1999-2000 жылдары), Елтай Дәуленов (2008 жылы), Ерлік Жылқайдаров (2008-2009 жылы), Әлібек Татанов (2009 жылдан бері) басқарды.