Қазақстан – Ақтау» телеарнасына 2010 жылы 15 тамызда 40 жыл толады.
Жарты миллион көрермені бар. Облыс көлеміне 14 сағат эфирді үздіксіз таратып отыр.
100 - ден астам қызметкер еңбек етеді. Телеарна шығармашылық бағытта ақпараттық -сараптамалық, қоғамдық- әлеуметтік, тарихи – танымдық, музыкалық бағытта 20-ның үстінде хабарды эфирге шығарады.
Телеарна жылдан-жылға аясын кеңейтіп, творчестволық, техникалық бағытта жаңғыру үстінде. Тілшілер республикалық, аймақтық конкурстарда шеберліктерін шыңдап, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Арна ұжымы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған «Наша безопастность в наших руках» номинациясы бойынша І орынды жеңіп алды. Кедендік бақылау комитетінің облыс аумағында ұйымдастырған байқауында ең үздік бұқаралық ақпарат құралы атанды. ФЕЦА компаниясы ұйымдастырған «Корпоративно – социальное ответственность» тақырыбындағы байқау қорытындысымен үздік деп танылды. Сондай-ақ түбектің төл арнасының 11 қызметкері «Маңғыстау облысының 35 жылдығы» естелік төс белгісімен марапатталды. Құқық қорғау органдары мен экология басқармасының арнайы дипломдары мен сыйлықтары тағы бар.
Ең бастысы – телеарна ұжымы 2009 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың
алғыс хатына ие болды. Техникалық тұрғыда негізгі мақсат орындалды. Ұжым облыстық телеарналар арасында бірінші болып, Маңғыстаудың 32 елді мекеніне қондырғы орнатып, хабар тарату көлемін 100 пайызға жеткізді. Студия заманауи техникамен жабдықталды. Жаңа ПТС жылжымалы телевизиясы алынды. Ендігі мақсат жоғары сапа, көркемдік шеберлікке қол жеткізу.
Бағдарламалар туралы. Көрермен көңілінен шыққан бұрынғы «Жүзден жүйрік» тележобасының салмағы үлкен. Телеолимпиада нәтижесінде үш жыл қатарынан білім додасынан озып шыққан 3 түлек Қазақ – Британ техникалық университетіне облыс әкімінің грантын иеленіп отырды.
2010 жылы бұрынғы бағдарламаларды Елбасының жаңа жолдауына орай ел экономикасы мен шағын және орта бизнесті қолдау мақсатындағы «Ажарлы мекен-ауылым», тарихи-танымдық «Менің Маңғыстауым», салауатты өмір салтын насихаттау мақсатындағы «Өзін өзі тану», «Познай себя», исі қазақтың пірі - Бекет атаның 260 жылдығына орай «Маңғыстауда - пір Бекет» және жастар сұранысына орай «Жұлдыздар әлемі» жаңа бағдарламалары толықтырды. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы мен телеарнаның 40 жылдығына орай циклді хабарлар жасау жоспарлануда. Көрермен сұранысы мен елдік мүддеге орай әлеуметтік роликтер мен деректі фильмдер түсіріле бастады.
Үлкен бір жетістік - өлке «Жаңалықтары» күндізгі жаңа нұсқамен толықты. «Жаңалықтар» күніне 5 рет шығады. Алғаш рет барлық аудандардан меншікті тілшілердің фоторепортаждары күнделікті беріле бастады.